Ауа райы бұзылғанға дейін тәулігіне 40-қа жуық көлік апаты тіркеліп келген
Елордада ауа райы күрт бұзылды. Қалың жауған қардың салдарынан автобустар қозғалыс кестесінен кешігіп, жолдарда көлік кептелісі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалада небәрі бір тәулікте 96 жол көлік оқиғасы болған. Бұл өткен күндермен салыстырғанда анағұрлым көп дейді жол полицейлері. Ауа райы бұзылғанға дейін тәулігіне қала аумағында 40-қа жуық көлік апаты тіркеліп келген.
«Қазіргі уақытта таңертеңнен бастап 75 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде, Нұр-Сұлтан – Қарағанды тасжолының бойында «Мерседес» маркалы автокөлік «Тойота» автокөлігімен соқтығысып, соның салдарынан автокөлік аударылды. Бірақ ол жерде қатты жарақат алған немесе қайтыс болған адамдар болған жол-көлік оқиғалары тіркелмеген», – деді ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Тоғжұманов.
Ал «Қазгидромет» алдағы үш күнде ел аумағының басым бөлігі жауын-шашын мен ауа температурасының одан ары төмендеуіне әкелетін солтүстік-батыс антициклонның ықпалында болады деген болжам жасауда. Сонымен қатар қар аралас жауын және тұман, көктайғақ, бұрқасын болуы мүмкін. Алматы қаласында да ертең қар жауып, күндіз +4 градусқа дейін ауа температурасы төмендейді. Ал елордада автобустардың кешігуіне көлік апаттарының көбеюі бірден-бір себеп болып отыр дейді жауапты компания өкілдері.
«Қоғамдық көлік жолағы жоқ жүктелген участкелер автобус аралықтарының бұзылуына көбірек бейім болып отыр. Жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Оның ішінде, қоғамдық көліктің қатысуымен де болған апаттар да бар. Барлық жүргізушіден мұқият болуды, қауіпсіз қашықтықты сақтауды, жылдамдық режимін таңдауды және тежеуді күрт басудан аулақ болуды сұраймыз», – деді «CTS» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі қызметінің жетекшісі Науат Азанбаева.