Елордалық емдеу орталығы емге мұқтаж зейнеткерді қабылдамай қойған

28.01.2022 в 20:24

Мүмкіндігі шектеулі жанды себебін түсіндірместен, нейрохирургия орталығына қайта кіргізбей қойған

Елорда тұрғыны ем алған медициналық мекемесіне шағымданды. Мүмкіндігі шектеулі жан Зина Ақжанова осыдан 3 жыл бұрын болған жол апатынан ауыр жарақат алып, арбаға таңылған. Сол уақыттан бері Ұлттық нейрохирургия орталығында ем қабылдап келген екен. Осылай дертіне шипа алып жүргенінде зейнеткер коронавирус жұқтырып, дәрігерлер оны үйіне жіберіпті. Жазылған соң алып кетеміз деп уәде етіп, кейін емханаға қабылдамай қойғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

   

Зина Ақжанова коронавируспен ауырып қалған соң, 16 қаңтар күні бірден инфекциялық ауруханаға жіберілген. Ал емделіп шыққан соң, оны нейрохирургия орталығына қайта кіргізбей қойыпты. Себебін де түсіндірмеді дейді кембағал жан. Ал басқа ауруханаға барайын десе, апаттан кейін шығарылған соттың шешімі бойынша ол тек осы Ұлттық нейрохирургия орталығында ғана ем қабылдай алады екен.

«Мен 19 қаңтарда шығуым керек болған. Маған 24 қаңтарда ПТР-тест алады, сол жаңа тест нәтижесімен келесіз деді. Мен қайтадан өтініш жасап, ауруханада тағы 3 күн жаттым. Одан кейін орталықтан маған хабарласып, «жоқ біз алмайтын болдық» дейді. Қайда барарымды білмеймін. Жағдайым осы. Енді жазылып кетуіме көп емес, азғантай ғана уақыт қалды. Аяғыма жан бітіп жатыр. Сол азғантай уақытқа шыдауға болатын еді ғой», - дейді қала тұрғыны Зина Ақжанова.

Зейнеткердің туған інісі Серікбай Ақжанов жол апатына кінәлі автобус паркі барлық қаражатты төлеп отырғанын айтады. Оларға еш өкпеміз жоқ, тек осы медицина мекемесімен жиі мәселе туындайды дейді. Ұлттық нейрохирургия орталығы қабылдамаған соң, 21 күнге жекеменшік емханаға 525 мың төлеп емделіп жатқанын алға тартты. 

«Мен ол кісінің қандай позиция қолданып отырғанын түсінбедім. Ол кісі маған «Мне легче ее выписать вообще! Проблема не будет» деп айтқан еді. Мынадай аяз кезінде үйдегі итін де далаға шығармайды ғой. Өздері де толық себебін айтпайды. Қазірше бір ай үйде болсын, бір айдан кейін қайтып аламыз деп. Сонымен бәрі жабылды, қмыт болады деген сияқты. 3 жылда емдегенде бір нәтиже болуы керек қой», - дейді З. Ақжанованың інісі Серікбай Ақжанов.

Ал ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігеріне хабарласқанымызда, олар сұхбат беруден бас тартты. Ал жазбаша жіберген хабарламасында былай делінген:

«Ұлттық нейрохирургия орталығы Сіздің хатыңызға жауап ретінде науқас Ақжанова Зина Татайқызының осы орталықтың нейро оңалту бөлімінде 2019 жылдың 15 сәуірінен 2020 жылдың 23 маусымына дейін және одан әрі 2020 жылдың 3 тамызынан 2022 жылдың 16 қаңтарына дейін ем қабылдағанын хабарлайды. Оңалту емінің стационарлық кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық негізде емдеуді жалғастыру ұсынылады».

Орталық науқастың емханада көп уақыт емделгенін алға тартып, енді қашан қайта қабылдайтынын ашып айтпағанымен, Зина Ақжанованың әлі де ем алуын жалғастырмақ ниеті бар. Осы күнге дейін дәрігерлердің қарауында болып, жағдайының әлдеқайда жақсарып қалғанын айтады. Тіпті енді 3-4 ай көлемінде аяққа тұрып кететініне де сенімді.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан