Мұндай деректерді азайту үшін алдын алу шарасын күшейту керек
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік сатып алу саласындағы мониторинг жүйесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзудың 80 пайызы мемлекеттік сатып алулармен байланысты. Мұндай деректерді азайту үшін оқиға болғаннан кейін емес, алдын ала жұмыс істейтін бақылау жүйесі қажет.
- Мониторинг жүйесінің отандық өндірушілерді, мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық үлесті қолдауға ықпал етуі өте маңызды. Президентіміз мемлекеттік сатып алулардағы елішілік құндылығымыздың үлесін 60 пайызға дейін жеткізуді міндет етіп қойды. Қазір сіз 50 пайызы қамтамасыз етілген деп айтып отырсыз. Біз кәсіпкерлермен кездесулерде осы мәселеге баса назар аударып келеміз. Сол кезде олар кейбір жеткізушілер өнімді басқа елдерден жеткізіп, оған «Қазақстанда жасалған» логотипін жапсырып қоятынын айтады. Осылайша, олар тендерлерге қатысып, демпинг пен төмен баға есебінен ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Егер осы заңды депутаттар қолдаса және оған Мемлекет басшысы қол қойса, мониторинг жүргізетін жүйенің құрылуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ мемлекеттік органдар өз өнімдерін өндіретін, жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін, салық төлейтін нақты қазақстандық өндірушілерді қолдауына жол ашылады деп сенеміз, - деді Сенат төрағасы.
Айта кетейік, Сенаттың жалпы отырысында сенаторлар бірқатар заңды қарады. Оның ішінде «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сатып алу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да бар.
Палата спикері заңнамалық түзетулердің маңызына назар аударып, Мемлекет басшысы Жолдауда сатып алудың жаңа сапалы жүйесін енгізуді тапсырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол заңның негізгі нормаларына тоқталып өтті.
Оқи отырыңыз: Бүгіннен бастап Қазақстанда вейпке тыйым салынды