«Біздің еліміздегі қордаланған мәселелердің салдарынан азық-түлік қымбаттап отыр». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасының өсуіне осындай бірнеше мысал келтірді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікір білдірді. Президент бұл әлем нарығында болып жатқан күрделі мәселе екенін де атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кету керек, қазір дүниежүзінде барлық тауардың бағасы шамамен 40-50 пайызға қымбаттаған.
«Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Аталған мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан, адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек. Мен Үкіметке, Ауыл шаруашылығының жаңа министріне міндет жүктедім», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.