Акция 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін жалғасады
Бүгін республика бойынша «Әділдікті талап ет» атты ауқымды науқан басталды. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесе ұйымдастырылған акцияға ҚР кез келген азаматы қатыса алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақсаты – жемқорлықтың алдын алу.
«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі 2018 жылы белгілі Қазақстандық меценаттың қолдауымен ашылған болатын. Себебі, сол жылғы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге Жолдауында қазіргі таңда мемлекетті әрі қарай дамытып, барлық кемшіліктерді жойып халыққа бет бұру үшін тікелей қоғамдық бірлестіктермен халықпен жұмыс істеу керектігін атап айтқан. Сондықтан қазіргі таңда, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің филиалдары 18 өңірде жұмыс жасап атыр. Біздің негізгі мақсатымыз – ең басты жемқорлықты жою немесе сол індеттің ықпалын азайту», – деді «Әділдік жолы» республикалық ҚБ Алматы қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев.
«Әділдікті талап ет» атты акция 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
«15 тамыздан бастап 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазіргі таңда жемқорлыққа белшесіне батқан халықтың назарында жүрген мәселенің бірі – жол мәселесі. Сондықтан халықпен, қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен біріге отырып, осы жобамызды атқаруға кірісіп жатырмыз. Жобаға қатысуды әрбір қазақстандықты шақырамыз. Енді жоба кезінде қандай сұрақтарға назар аударамыз. Біріншіден, жол салу мәселесі. Жолды жөндеу сапасы, қолданған материалдар сапасына көңіл бөлеміз. Мемлекет тарапынан жолға бөлінген әрбір тиыны қайда? Қалай жұмсалғанына назар аударып, жол белгілері дұрыс орнатылған және орнатылмағанын бақылаймыз. Жол салуға белсене қатысып жүрген кәсіпкерлік ұйымдардың мүддесі сақталды ма? Осы сияқты сұрақтарға назар аударып, жауап беруге тырысамыз», – деді Бауыржан Мақұлбаев.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында алынған ақпарат тиісті органдаға жіберіліп, орындалуын талап етіледі.
«Біз енді қоғамдық бірлестік болған соң, ешбір ұйымды, мекемені немесе жеке тұлғаны мәжбүрлеуге құқымыз жоқ. Бірақ бізге жеткен мәлімет, жемқорлыққа қатысты мәліметтер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, құқықтық органдарға, министрліктерге сұрақ қойып, жауап алуды талап етеміз. Халыққа жеткізу – мақсатымыз», – деді деді «Әділдік жолы» республикалық ҚБ Алматы қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев.