Алматының еріктілері үй-үйді аралап тұрғындарға өрт қауіпсіздігін түсіндіруде

10.02.2020 20:25

Мамандардың уланып қалатындар көбіне ішімдік ішіп, пешті жағып ұйықтап қалатындар дейді

Күн жылынғанымен, тілсіз жау кез келген уақытта тұтануы мүмкін. Оның үстіне газдан улану деректері аз емес. Сарапатама көрсеткендей, жеке сектор тұрғындарының көбісі қарапайым сақтану шараларын білмейді екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондықтан сауықтыру шараларының маңызы бүгінде зор болып тұр. Өткен сенбіде 50-ден аса ерікті де аталған игі іске жұмылып, мамандармен біріге Наурызбай мен Түрксіб аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  

«Биылғы жылды Президентіміз «Волонтерлар жылы» деп жариялауына байланысты, біздің ҚҰА университетінің жастары өрт сөндіру қызметкерлерімен бірге  Наурызбай ауданында орналасқан жеке меншік үйлердегі адамдарға өрт қаіпсіздігін, өрттің алдын алу шараларын осы өрт қызметкерлерімен бірге түсіндірме жұмыстарын бастап кеттік»,  деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жастар саясаты бөлімінің маманы Қадыр АМАНБАЙ.

Осы жолғы шарада төтеншеліктер аудандағы көмір пайдаланатын үйлерге, ішімдікке бейім жандарға және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына кіріп, өрттен сақтану шараларын түсіндірді. Мамандардың сөзінше, көбіне ішімдік ішіп, пешті жағып ұйықтап қалатындар ысқа уланып қалады екен. Сондықтан, мұндай шараны жиі ұйымдастырған абзал. Еріктілердің де осындай жұмысқа ерікті түрде жұмылғаны дұрыс дейді.  

«Белсенді волонтерларды жиі қатыстырудамыз. Наурызбай ауданында жеке тұрғын үй 23 710 жеке тұрғын үй орналасқан. Оның ішінді 1600-і қатты отын жағатын тұрғын үйлер. Сол себептен Наурызбай ауданында  газдан улану себептер көп анықталуда. Сол үйлерге барып, түсіндірме жұмыстарын өрт қауіпсіздігін сақтау туралы үгіт насихат, түсіндіру парақшаларын таратып, жүргіземіз», – деді Наурызбай аудандық ТЖ бөлімінің инженері Әлішер ДУБЕКОВ.

Теги: улану