«Мектепке жол» акциясы биыл да жалғасын тапты. Соның аясында 3 мың алматылық оқушы мектепке қажетті оқу құралдарымен жабдықталды. «Нұр Отан» партиясы мен қалалық мәслихат депутаттары науқанды жылда ұйымдастырады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Эпидахуалды ескерген мамандар жабдықтарды табыстау үшін әр ауданнан тек екі ата-ана мен баланы шақырған. Мұндай шара қаланың барлық аумағында жүргізіледі. Биыл оқушыларға сөмкелермен бірге отандық киім өндірушілерінің мектеп формасын сатып алуға сертификаттар берілді.
«Дәптер, қалам бәрі ішінде бар. Формаға арналған сертификат. Оның бір жақсы жері ол сертификатты осы жылы да, ендігі жылы да ауыстыруға болады. Өз тарапымнан 114 сертификат беріледі», – деді қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов.
«Бүгін мына төртінші балам мектепке барып отыр. Төрт баланы киіндіру, мектепке жинаудың өзі оңай емес. Көп рақмет бүгінгі игі шараға. Ең қажетті нәрселерді, мына сертификатты беріп тұр. Өте қуанышты болып тұрмын», – деді көпбалалы ана Алмагүл Мұқанова.