Алмат Құрмашев үйіндіні аршып жатқаны туралы видео таратты
Түркияда із-түзсіз жоғалған қазақстандықтардың туыстарына көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үйінді астында қалып қойған достары мен ағасын іздеп барған Алмат Құрмашев есімді отандасымыз жақындарын табуға көмектесетін 70 тонналық кран, дрондар немесе камерасы бар радиомен басқарылатын көліктер, тепловизорлар, аудио датчиктер қажет екенін айтып бейне үндеу жолдаған болатын. Таң ата отандасымыз үйіндіні аршып жатқаны туралы видео таратты.
Айта кетейін, Түркиядан тағы 42 қазақстандық елге оралды. Бұл отандастарымыздың зілзала болған мемлекеттен келген екінші легі. ИЛ-76 ұшағымен 64 адам – 42 қазақстандық және 22 қырғызстандық Астанаға жеткізілді. Елге оралған азаматтар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келген. Кеше Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қосымша көмек көрсету үшін Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің екінші эшелоны қажетті іздестіру-құтқару құрал-жабдықтары тиелген ұшақпен Газиантеп қаласына жеткен еді. Қазақстандық құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан учаскелерінен видео таратты. Біздің мамандар қираған үйлердің жанына үрмелі палаткаларды қойып, жер сілкінісі кезінде зардап шеккендердің туыстарын сол жерге орналастырған. Қазір қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр екен.