Тылсым күшпен байланысты: Наурыз мейрамының тарихы қайдан бастау алған

21.03.2022 20:25

Былтыр еліміз Наурыз мейрамын тойлауға ерекше көңіл бөліп, оны он күн атап өту туралы тұжырымдама бекітті

Almaty.tv

Тарихы тереңде жатқан төл мерекенің халық үшін орны ерек. Ел-жұрт етек-жеңін жинап, жаңа жылдан мол үміт, көп жақсылық күтеді. Бұқара ежелгі ғұрыптан айнымай игі істер жасауға асығады. 22 наурызда күн мен түн теңеліп, «Самарқанның көк тасы ериді». Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін, бар тіршілік атаулының қайта тірілетін шағы. Ендеше мейрамның тарихы қайдан бастау алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жылдың басы, бар игілік атаулының символы саналатын Наурыз мейрамының шығу тарихы ежелде жатыр. «Жаңа күн» деген мағынаны беретін мереке түркі халықтарына ортақ. Наурыз ежелгі Грекияда, Римде, Ұлыбританияда XVIII ғасырға дейін тойланып келген. 3-5 мың жылдан бері Балқан түбегінде, Орта Азия мен Таяу Шығыста тойланады. Көктем мерекесі туралы деректер антикалық және ортағасырлық жазушылардың еңбектерінде де кездеседі. Ал қазақ халқы Наурызға «Ұлыстың ұлы күні» деп айдар тағады. Яғни, ұлы істердің бастауы деп ұғым туралы деректер бар.  Ел арасында «Ұлыс күні қазан толса, ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, жол болар» деген сенім бар.

«Аңыздарда Үркек туралы, Үркер жұлдызы наурызда аспанның көкжиегінен көрінеді деп айтылады. Үркер күзде аспанға шықса, қыста ортасына келеді. Ал көктемде, тура наурыз кезінде аспанның көкжиегінде көрініп тұрады дейді. Үркердің көкжиекке келуін табиғатта әлдебір тылсым күштің келуімен байланыстырылады. Осы кезде күннің жаңаруы болады», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің аға оқытушысы, этнограф Айнұр Бейсеғұлова.

Мал ауызы көкке, жан ауызы аққа тиетін тұста араларына жік түскен ағайын татуласып, қыстан аман шыққанына қуанып азан-қазан күй кешеді. Жалғыз-жарым жетімдерге, кембағал жандарға жұрт қарайласады. Бұл уақытта жастар бастаңғы ұйымдастырып, бойжеткендер көңілі ауған жігіттерге ұйқыашар деп аталатын ерекше тағам әзірлейді. Ал бозбалалар қыздардың қарымтасы ретінде селт еткізер сыйлықтарын сыйлайды. Жұрт төс қағыстырып, үлкенге сәлем беріп, хал сұрасады.

«Тепе-теңдік, әділдік, жаңару, жаңғыру деген сөз. Жұрт бұл күні тек үй, қора-қопсыны ғана тазалап қоймай, ар-ожданының алдында да тазалануы керек. Бұлақтың басын тазартып, арықтарды аршып халық үшін, ел үшін игілікті істерді істеуге шақырған», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф Бибізия Қалшабаева.

Осыған дейін Наурыз діни мейрам ретінде қабылданып келді. Алайда мамандар бұл жаңсақ нәрсе екенін айтады. Тіпті кезінде Кеңес Одағы тарапынан мерекені атап өтуге тыйым салынып, жарты ғасырдан астам уақыт тойланбай келді. Себебі түркі халықтарын біріктіретін мерекені ел жадынан өшіруді мақсат еткен еді. Бірақ 1988 жылы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған бір топ қазақ зиялылары ұлттық салт-дәстүріміздің қайта жандануына ықпал жасады.

«Қалаларда, ауылдық жерлерде, ауылдарда қазақ үй құрылып, алтыбақан қойылады. Форматы өзгергенімен бұл – халыққа керек. Себебі халық, жастар оны көруі керек. Халық Наурыздың мейрам екенін білуі керек. Кей адамдар оны керегі жоқ, құр ақша шашу деп ойлайды. Бұл – тарихи мереке, тұрмыс-тіршілікпен байланысты мейрам. Бұл – ұлттық кодымыз», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің аға оқытушысы, этнограф Айнұр Бейсеғұлова.

2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз мерекесі» ретінде мойындады. Ал ЮНЕСКО Наурызды материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді. Бүгінде еліміз қазақы жаңа жылды үш күн атап өтеді. Алайда былтыр еліміз Наурыз мейрамын тойлауға ерекше көңіл бөліп, оны он күн атап өту туралы тұжырымдама бекітті.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы