Шаһардағы жолдың ұзындығы 400 шақырымнан асады
Көктем келгенде Павлодардың асфальті қармен бірге ери бастады. Қазір облыс орталығындағы жолдың жайына жұрт наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көктем келсе, көшелердің жай-күйі айқын көрінеді. Тіпті кей жолдарда әрбір метр сайын шұңқыр толған шалшық жатады. «Осындай келеңсіздіктердің салдарынан көлік жиі сынады» деп шағым айтатын тұрғындардың қатары да күн сайын көбейіп келеді.
– Көктем келіп, қар ери бастады. Жолда шұңқырлар пайда бола бастады. Машинаның дөңгелегі тоза бастайды, – деді қала тұрғыны.
– Жолдың сапасы өте жаман. Көлік жөндеу қымбат, – деді қала тұрғыны.
Ел мұңына айналған аймақта жол жылда жөнделеді. Соған қарамастан, сапа сын көтермей тұр. Тіпті ақпанда облыс орталығындағы асфальтті қалыпқа келтіру басталғанымен, нәтиже көңіл көншітпеді.
Айта кетейік, қазір шаһардағы жалпы жолдың ұзындығы 400 шақырымнан асады.
– Ең алдымен, барынша көбірек зақымданған учаскелер жөнделді. Қазір 10 бөлікте жөндеу жұмыстары аяқталды. Шұңқырларды жөндеу күн райы жылынған кезде басталады. Қазір МАК технологиясы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді қала әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Оразбек Саяхат.
Әкімдік өкілдері көпшіліктің көңілінен шықпаған жол сапасынан хабардар. Олар жазға дейін шұңқырлар жамалып, жұмыс толық аяқталады деп сендірді. Ал әзірге қала халқы осы жолмен күнделікті жүруге мәжбүр.
Әйгерім Тоқпанқызы, Алексей Мехедов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда көше жарығын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда