Алмалы ауданындағы ескі үйлер қашан сүріледі? Тұрғындарды ең көп мазалайтын осы сауал болса керек. Кейбірі қыс болса, шіріген құбырлардың салдарынан екі айлап жылусыз отыратындарын да айтып шағымдануда. Коммуникация жүйесі істен шықса, амал жоқ, еденді бұзамыз деп налып отыр олар.
«Үйде жертөле жоқ. Үйлердің тозығы жеткен, кейбірі тіпті құлағалы тұр. Коммуникациялар жер астында. Бір нәрсе болса, еденді бұзуға тура келеді. Осылай мәселеміздің шешілмей жер мен көктің арасында қалқып тұрғанымызға қаншама уақыт болды», – дейді жұрштылық.
Сондай-ақ тұрғындар үйлер сүрілген жағдайда да баспана мәселесін беру қалай шешілетінін білмей дал. Себебі кезінде шағын аумақты үй алғанда небары 2-3 адам тұрған отбасылар үйлер ескірем дегенше үлкейіп, балалары көбейген. «Сонда да бастапқы 46 шаршы метр пәтеріміздің көлеміндей ғана үй бере ме?», – дейді олар.
Бұл сауалдарға алдағы бейсенбі сағат 19:30-да Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев тікелей эфирде өтетін «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында жауап береді. Аудан тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарын қазірден бастап «Алматы» арнасының ресми сайтында қалдырып, уатсап қосымшасы арқылы жазбаша, аудио және бейне жазба ретінде жіберсе де болады. Сонымен қатар тікелей эфир кезінде студияға қоңырау шалу арқылы да сауалдарыңызға жауап ала аласыздар.