Абай облысындағы өрт кезінде эвакуацияланған халық ауылдарына оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін таңнан бастап Талица мен Половинка елдімекенінің тұрғындары үйіне қайтып жатыр.
Бүгін таңғы 11:00-ден бастап осы күнге дейін Семейдегі жатақханаларға орналастырылған Талица мен Половинка ауылының халқы үйлеріне қайтарыла бастады. Бас-аяғы 3 автобус 70-тен астам адамды елдімекендерге жеткізді. Барлығы аман-сау оралды. Қаңырап қалған ауылдарға жан біткендей. Халық көптен бері жабық тұрған үйлерін ашып, қайта орналасып жатыр.
«Ауылдағы адамдар қалада туысы бар болса қалаға кетіп жатты, ал туысы жоқ тұрғындарды эвапунктпен жатақханаға орналастырған болатынбыз. Сол тұрғындарды үйлеріне тасымалдауға қалалық әкімдік 3 автобус бөлді», – дейді Семей қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Айдана Тілеуқабыл.
Абай облысында алапат өрт басталғаннан бері бүгін тура бір апта өтті. Осы күнге дейін қаңырап қалған ауылдарды полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары күзеткен болатын.