Нұр-Сұлтанда 10-қабаттан құлаған баланың жағдайы ауыр. Мәліметті қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты. Ал, періштесі қаққан жеткіншекті құлаған сәтте құтқаруға тырысқан ер азамат марапаттан бас тартыпты.
Тұрғын үйдің 10-қабатынан 2017 жылы туған қыз құлап кеткен еді. Оқиға 31 шілде күні болған. Абырой болғанда баланың құлағанын көрген жігіт жерден күтіп алуға тырысқанымен биіктен келген салмақ екеуінде жерге жыққан.
«Мен үй жақта жоғары жақта қарап тұрдым. Не болып қалды, не жағдай деп. Жерге құлағаннан кейін барып анасы түсті ғой деймін. Анасы ол уақытта білмей қалды баланың құлағанын», – деді қала тұрғыны Мадина Жатқанбаева
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі жеткіншек қазір нейрохирургия бөлімінде жатыр дейді. Жағдайы ауыр. Себебі құлаған кезде қыз түрлі жарақат алған.
«31 шілде күні бала ауыр жарақатпен екінші балалар ауруханасына түсті. Баланың жалпы жағдайы ауыр. Реанимацияда ем алып жатыр. Дәрігерлер жағынан көмек көрсетіліп жатыр», – деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Раушан Арманқызы
Ал, періштесі қаққан бес жасар қызды сол сәтте көршісі құтқарып қалған. Яғни құлағанын көре сала төменнен қағып алыпты. 34 жастағы Талғат Әбдіханұлы өзіне ұсынылған марапаттан бас тартқан.
«Мен ТЖД-дан ешқандай сыйлық алмадым. Одан бас тартқан себебім қолымнан келгенше құтқарған қыз дәл қазір өте ауыр халде жатыр. №2 емханада. Қандайда бір көмек болатын болса дәрігерлер көмектессін. Мен мемлекеттен ешқандай ештене талап етіп отырғаным жоқ. Тек қана қыздың жақсы болып кетуін тілеймін. Ешқандай сыйақы да алғым келмейді», – деді қала тұрғыны Талғат Әбдіханұлы
Қазір ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы жиілеп кетті дейді қалалық төтенше жағдай департамент өкілдері. Сақтық үшін көпқабатты үйлерге терезе торын орнатса деп отыр.
Камшат Мухамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев «Алматы» телеарнасы