Шымкентте көзі нашар көретін аула сыпырушы көпбалалы отбасын жалғыз бағып отыр

24.11.2021 21:23

Ол 4 баласымен және аяғы ауыр әйелімен жатақхананың бір бөлмесінде тұрады

Almaty.tv

Елімізде өмірдің қиындығына еш мойымай, адал еңбек етіп жүрген жандар да аз емес. Шымкент қаласының тұрғыны Нұртілеу Жүнәлиев жарымжан, көзі нашар көреді. Соған қарамастан, ер адам аула сыпырушы болып жұмыс істейді екен, бала-шағасын жалғыз өзі асырап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

4 баланың әкесі Нұртілеу Жүнәлиев 10 жылдан бері аула сыпырады. Қала тазалығына жауапты маманның бір көзі мүлде көрмейді, екінші көзінің өзі 10 пайыз ғана көреді екен. Отбасының жалғыз асыраушысы болғандықтан, жұмыс істемесем болмайды дейді өзі.

«Бұл жұмысқа үйреніп қалғанмын. Басқа жұмыс қабылдамайды. Бұл жұмыста да амал жоқ, бала-шағамды асырау үшін жүрмін. Бұл жұмыста барлық жағдай болды. Аяғымды машина қағып кеткен сәттер де болды. Сонда да қайтпаймын», – деді қала тұрғыны Нұртілеу Жүнәлиев.

Бір бөлмелі жатақхананы паналаған Нұртілеудің ата-анасы өмірден өткен. Ал жары бала күтімімен үйде отыр. Қазір бесіншісіне аяғы ауыр Әселхан бұған дейін жұмыс істеп, жолдасына көмектескен екен. Қазір декреттік демалыстағы ана тек отағасының қолына қарап отырмыз дейді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған отбасы бар қиындықты бірге жеңуге дайын екенін жеткізді.

«Күйеуім ғана жұмыс істейді. Соның айлығымен күн көріп отырмыз. Бала-шағаны асырау үшін амал жоқ, істеуі керек», – дейді Н. Жүнәлиевтің жары Әселхан Тұрғанбаева.

Қазір Жүнәлиевтер отбасы 80 мың теңге жалақыға және жәрдемақы көмегімен күн көріп отыр. Бір бөлмелі жатақханада тамақ ішеді, киім ауыстырады, жуынады және ұйықтайды. Сонда да бұған дейін ешкімге алақан жайып көрмеген. Отбасын сұхбатқа шақырған телеарна ұжымы бұл жанұяға қайырымды жандар көмек қолын созады деген үмітте.

Мөлдір Ибадуллаева, Абзал Турабеков, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен