|
23.01.2023 | 21:09
2520

Шымкентте 10 күн бұрын үйі өртенген отбасы баспаналы болды

Демеушілер екі қабатты 6 бөлмелі баспананы 19,5 млн теңгеге сатып алған

Шымкентте 10 күн бұрын үйі өртенген отбасы баспаналы болды

Шымкентте шамамен 10 күн бұрын үйі өртке оранған отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Көптің жинаған жылуы 22 млн-ға жуықтаған. Бұл қаражатқа 6 бөлмелі үйден бөлек, тұрмыстық техника, жиһаздар мен басқа да қажетті заттар алыныпты. Жалғызбасты ананың сөзінше, материалдық көмек көрсетіп жатқандар да жетерлік. Ал жеке медициналық ұйым отбасындағы балалар 18 жасқа толғанша тегін көмек көрсетуді ұсынған екен.

6 баланың анасы Назира Дүйсебаеваның қуанышында шек жоқ. Осы күнге дейін пәтер жалдап күн көріп жүрген отбасы баспаналы болды. 12 қаңтар күні уақытша тұрағы өртеніп, жанұя барарға жер таппай қалған еді. Араға көп салмай, халық жинап берген қаражатқа отбасы 6 бөлмелі үй алып, қоныс тойын тойлады.

«Қуанышымда шек жоқ! Бала-шағамның несібесі. Бүкіл халыққа рахмет! Қазағы қазақпын, орысы орыспын демей, өзбегі өзбекпін демей, менің бір көз жасыма. Қателік істедім деп ойламаймын өзім. Әлі де сене алмай жатырмын,қуанышымда шек жоқ! Сене алмай жатырмын! Халықтан соншама ақша жиналып, үй аламын деген үш ұйықтасам түсіме кірмеді», – деді  қала тұрғыны Назира Дүйсеба.

Көмек керек дегеннен бастап 8 күн ішінде 22 млн ақша жиналыпты. Ал екі қабатты 6 бөлмелі баспананы 19,5 млн теңгеге сатып алған. Үй иелері бірқатар жиһаз бен 5 тоннаға жуық көмірді сыйға тартыпты. Ал істің басы-қасында жүріп, жалғызбасты анаға қол ұшын берген жандар қалған қаржыны өрттен жапа шеккен тағы бір отбасына жұмсағанын айтты.

«Алғашқы күннен-ақ жан-жақтан хабарласып, ақша түсе бастады. Қаражат түседі деп ойлаған жоқпыз. Аллаға шүкір, бүкіл халық көмектесіп, 22 млн жиналды. Сол 22 миллионның 19,5 млн үйді алдық. Бұл үй бос болғаннан кейін мына жердегі заттардың бәрін алып келіп, құрастырып бердік», – деді Қайнарбұлақ тұрғын алабының өкілі Ақмарал Өмірзақова.

Назира Дүйсебаеваның айтуынша, белсенділер тек қаржылай ғана емес, материалдық тұрғыдан да көмек көрсеткен. Азық-түлік, тұрмыстық техника, жиһаз, киім-кешекке алып бергендері бар. Ал жеке медициналық ұйым балалардың денсаулығын бақылауға алады.

«Бұл халықтың ақшасы. Бірлік бар жерде – тірлік болады», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Нұргүл Қобланова.

«Балалардың жағдайымен таныстым. Оларға толық тексеру қажет. Шошынып қалған. 18 жасқа дейін тегін медициналық көмек көрсетеміз. Қажет болса арнайы көлікпен келіп қарап, алып кетеміз», – деді медициналық мекеменің бас директоры Бақытжан Позилов.

Демеушілер Назира Дүйсебаеваның несиесін жапқан. Ал өртенген үйді жөндеуге жергілікті қоғамдық қор өкілдері атсалысқан. Қуаныштан көз жасына ерік берген көпбалалы ана көпшілікке алғысын айтып, шексіз ризашылығын білдірді.

Гүлдана Дәурен, Абзал Тұрабек, «Алматы» Телеарнасы, Шымкенттен

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир