Биыл Құрбан айт мейрамының шарттары қашықтан орындалуы мүмкін

03.07.2020 20:29

Ол туралы бүгін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров мәлімдеді

© Sputnik /

Биыл Құрбан айт мейрамының шарттары да қашықтан орындалуы мүмкін. Ол туралы бүгін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша мемлекеттік комиссия бекіткен шектеу шараларына сай діни нысандардың да жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Алайда соңғы уақытта дерттің ел арасында дендеуіне қарамастан өлім-жітім, той-томалақтарға адамдардың баруы үдей түскен. Еліміздің бас мүфтиі халықты салтанатты шаралар мен жаназаға барудан бас тартуға шақырды. Оның сөзінше елдегі жағдайды ушықтырмай, ақыл мен сабырға салған жөн.

«Тек қана қазір бізге керекті мәселе түсіністікпен қарап, карантин талаптарын қатаң сақтап, бір-бірімізге құрмет қылу. Бір-біріміздің өмірімізді сыйлау, денсаулығымызды сыйлау қазіргі уақытта маңызды болып тұр... Алла тағала Құранда айтады «Егер сендер менен сұрасаңдар, мен міндетті түрде тілектеріңді қабыл етемін» дейді. Алла тағала тілегімізді қабыл етсін! Қазіргі мына Үкіметтің қойған талаптарына бағынып, барынша сол талаптарды орындайық», –  деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы COVID-19 пандемиясы кезінде ас беру, жаназа өткізуге қатысты мәлімдеме жариялады. Мұндай шара індеттің кең таралуына жол бермеу үшін қабылданған. Атап айтар болсақ, жаназа намазына қатысты талаптарды орындауға, оған тек отбасы, жақын тумаларының қатысуына, жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға, бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлдем қатыспауына кеңес беріп отыр. Намазға келуші міндетті түрде санитарлық нормаларды сақтауы тиіс. Бұдан бөлек мүфтият келесідей талаптарды ұстануды сұрайды.

«... індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқауына сай жууға, жаназа намазы мен жалпы уақыты 5 минуттан асырмауға, жаназа намазы барысында қол алысып амандаспауға, жаназа намазының сабын түзегенде 2 метр қашықтықты сақтауға, қабір барысында мәйіт жер қойнауына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтаруға, жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар және жас балалар жаназа намазына қатыспауға, қонақасын өткізбеуге, жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге. Екінші, Құдайы астарға жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа сияқты талаптарды орындауға, астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелуге, бір ғана діни қызметкерді қатыстыруға», –  деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, Наиб мүфти Ершат Оңғаров.

Еліміздің бас мүфтиі шариғатта қандайда да бір жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде етек алуын тоқтату мақсатында карантин режимі қажет екені атап айтылған дейді. Бүгінгі күні мұндай карантиндік жағдай көптеген мұсылман мемлекеттерінде енгізіліп жатыр. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қатерлі дерттен сақтану үшін қабылданған талаптарды қатаң сақтануды сұрайды.

Асылбек Тойбек, "Алматы" арнасы

ГРАФИКА-1

Жаназа намазына қатысты талаптар:

- Жаназа намазына бір ғана діни қызметкер қатысу;

- Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумалары қатысу;

- Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау;

- Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспау;

- Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтау;

ГРАФИКА-2

- Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу;

- Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;

- Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспау;

- Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;

- Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;

- Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер мен әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспау;

- Қонақ асын өткізбеу;

-Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелу;

ГРАФИКА-3

Құдайы астарға қатысты талаптар:

- Астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелуге;

- Бір ғана діни қызметкердің қатысуына;

- Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтауға шақырамын.