Мамандар құсты қауіпсіз жерге орналастырып, сауығып шыққан соң бостандыққа жіберіпті
Қызылордада санитар маман Қызыл кітапқа енген үкіні құтқарып қалды, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы Экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз-хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook парақшасында жазды.
Сәкен Ділдахметтің айтуынша, облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығының қызметкері Бақытгүл Қарғабаева қалада кетіп бара жатқанында әлсіреп қалған үкіні көрген. Сөйтіп санитар құсқа жаны ашып, мамандарды шақыртқан.
«Біздің қызметкерлер айтылған жерге дереу келіп, құсты тексерді. Үкінің жағдайы жақсы, қанаттары сынбаған. Тоңып немесе шаршап қалған сыңайлы. Ондай болып тұрады. Үкінің бұл түрі Еуразияда мекендейді. Шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық Қазақстанда орналасқан дала мен тауларда таралған. Атап айтсақ, Арал маңында, Бетпақ-дала, Маңғышлақ, Үстіртте кездеседі», - деп жазыпты Сәкен Ділдахмет.
Мамандар құсты қауіпсіз жерге орналастырып, сауығып шыққан соң бостандыққа жіберіпті. Табылған үкі Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстардың бірі екендігі анықталған.
Құстар әсіресе үкінің бұл түрлері көктемде шөпті өртегендіктен жиі қырылады екен. Бұған қоса, сирек кездесетін үкілер қатты аяздың құрбанына айналатын көрінеді. Кей кездері олар бір-бірінің етін де жейді дейді комитет хатшысы.
«Құрметті достар, егер әлсіреп қалған жабайы аң көрсеңіздер, жанынан бейжай өтіп кетпей, көмектесуге тырысыңыздар. Қазіргідей қатты аязда оларға сіздердің көмектеріңіз ауадай қажет. Бақытгүлден үлгі алыңыздар», - деп жазыпты Сәкен Ділдахмет.