Құс тұмауы: Солтүстік Қазақстанда бір ауыл карантинге жабылды

27.09.2021 23:28

Былтыр өңірде құс тұмауынан 1,5 млн үй құсы қырылған болатын

pkzsk.info

Араға бір жыл салып Солтүстік Қазақстанға құс тұмауы қайта оралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Соңғы бес күнде Мағжан Жұмабаев ауданында 1 мыңдай қанатты қырылып қалған. Бірінші оқиға 21 қыркүйек күні Лебяжье ауылында тіркелді. Ондағы бір шаруа қожалығында 130 тауық, 290 қаз бен 582 үйрек өлген. Соның артынша індет ошағында карантин енгізіліп, мамандар өлген құстарды дереу өртеп жіберген.

Былтыр өңірде құс тұмауынан 1,5 млн үй құсы қырылған болатын.   

«Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтан келген сынақ хаттамасына сәйкес, құс тұмауының диагнозы расталды. Зерттеулер жүргізілді. Соған сәйкес үй құстарына суда жүзетін жабайы құстардан ауру жұққаны анықталып отыр», – деді облыстық Ветеринария басқармасының бас маманы Нариман Тасболатов.