2014 жылы компания жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуде келісімшарт құнын екі есе қымбат көрсеткен
Ол туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тергеу барысында құрылысқа құйылған қазына қаржысын жымқырудың жаңа схемалары құрылғаны белгілі болған. 2014 жылы «Астана ЛРТ» компаниясы жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін келісімшарттың құнын екі есе қымбат қылып көрсеткен. Ақшаны жалған кәсіпорын арқылы қолма-қол шешіп алған. Тергеу барысында Астана қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» серіктестігінің лауазымды тұлғалары мен жобаны іске асыруға қатысы бар мердігерлік ұйымдардың басшылары анықталыпты. Құрылыстың барлық үш кезеңі зерттеледі, дейді мамандар.
«Аталған істі тергеу бойынша арнайы білімі бар мамандар мен сарапшылар тартылды. Іс үшін маңызы бар барлық құжаттар алынды, соның негізінде экономикалық құрылыс сараптамасы тағайындалды. Ұлттық банкпен және есеп комитетімен өзара іс-қимыл жасау кезінде Қытайдың даму банкінен алынған ақша қаражатын «Астана банкінде» орналастырудың заңдылығы мен негізділігі тексеріледі», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Сергей ПЕРОВ.