Зейнетке шығудың жас шегін 60 жасқа дейін азайту керек – депутат

28.01.2021 00:53

Оның сөзінше, қазақстандықтардың басым бөлігінде жалақының аздығынан зейнетақы жинақтары жеткіліксіз

Almaty.tv

Зейнетке шығудың жас шегін азаматтың жынысына қарамастан 60 жасқа дейін азайту керек. Бүгін мәжіліс депутаты Александр Милютин Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында зейнетақы жүйесі түбегейлі қайта құруды қажет ететінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, қазақстандықтардың басым бөлігінде жалақының аздығынан зейнетақы жинақтары жеткіліксіз. Сондықтан депутат бұрынғы зейнетақы жүйесіне қайта оралуды ұсынып отыр.

«Біздің басты ұсыныстарымыздың бірі – азаматтардың құрметті демалысқа шығу жасын қайта қарау. Оны еңбек жағдайларының күрделілігіне қарай есептеу қажет. Зейнетке шығудың жас шегін азаматтың жынысына қарамастан 60 жасқа дейін азайту керек. Жұмыссыз жастар туралы маңызды мәселе туындаған жағдайда зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен көтеру мүлдем мағынасыз шешім болып көрінеді. Ең төменгі базалық зейнетақы тиісті жыл сайынғы түзетумен орташа жалақыға тең болуы тиіс», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Александр Милютин.

Ал, депутат Сауытбек Әбдірахманов өз сауалында кейінгі жылдарда, нақты айтқанда, 2012 жылдан бастап елден тұрғындардың көшіп кетуі күшеюінің жағымсыз үрдісі басталғанын көтерді. Оның сөзінше, соңғы бес жылда 189 мың 765 адам көшіп кеткен, ал көшіп келген этникалық қазақтардың саны 70 мың 933 адам. Оған себеп квотаның аздығы деді депутат.

«Қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілген. Осы жеті облысқа этникалық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны 1426. Өсім жоққа жуық. Қандастарға арналған квотаның мұншама азайып кетуін ештеңемен түсіндіру мүмкін емес», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов.