|
01.08.2019 | 18:25
4127

Ауыр дертке шалдыққан Магомед Түркияға емделуге барып, қайта алмай отыр

Оның Қазақстанға қайтуына шетелдік ауруханаға 65 мың АҚШ доллар қарыз болғаны кедергі боп тұр

Ауыр дертке шалдыққан Магомед Түркияға емделуге барып, қайта алмай отыр

«Еліме қайтқым келеді». Тоғыз жасар Магомедтің анасымен бірге Түркиядағы клиникада тұрып жатқанына осымен жеті айдың жүзі болды. Қазақстанға қайтуына шетелдік аурухана алдындағы 65 мың АҚШ доллары көлеміндегі қарызы кедергі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Магомед лейкоздың асқынған түріне шалдыққан. Ауыр дертке гепатит «С» мен өкпе жұқпасы қабаттасыпты. Баланы өлімнен арашалап қалу үшін жұлын майын ауыстыру керек.  Осыдан бір жыл бұрын мемлекет 95 мың доллар көлемінде квота бөліп, Түркиядағы клиникаға жолдаған. Сәтті өткен отадан кейін Магомадовтар жанұясы Қазақстанға оралған.      «Бізге Анкарадағы клиника бір айдан соң келіп, тексерілу қажет деді. Осыған дейін мемлекет көмектесіп, квота бөлгендіктен, бұл жолы өз күшімізбен бардық. Медициналық тексерілу мың доллар көлемінде деді. Алайда барған кезде баламның жағдайы күрт нашарлап кетті. Дәрігерлер дереу ем-дом жүргізу қажет деді. Біз, әлбетте келістік. Бірақ, оның құны соншалықты шарықтай түсетінін білмедік», – деді  Магомедтің әкесі Руслан МАГОМАДОВ.

Руслан Магомадовтың айтуынша, емнің ақысы 110 мың АҚШ доллары болып кеткен. Алайда, еліміздің Сыртқы істер министрлігі шетелдік клиникамен келіссөздер жүргізіп, жеңілдік жасауға көмектескен.

«65 мың долларды үш аптаның ішінде төле деді. Алайда, мұндай сома қолымызда болған жоқ. Сыртқы істер министрлігіне барып, «Кепілхат жазып беріңіздерші, біртіндеп өтейміз. Балам мен жарымды елге жіберсін» деп өтіндім. Бұған клиника да келісіп отыр. Ал ауруханада ұстап отырғандықтан, төлем күннен-күнге өсіп барады. Алайда маған қайда барсам да, «өзің қол қойдың, келістің» деп отыр. Мен ешқайда да қол қойған жоқпын. Себебі Қазақстанда болдым. Әйелім де тек ауызша келісімін берді», – деді Магомедтің әкесі Руслан МАГОМАДОВ.

Бұл жағдайға қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі басқа уәж айтып отыр.    

«Өзі қол қойған. Баласы қатты жағдайда болғаннан кейін, бәріне келісіп, енді келіп басқаша сөйлеп отыр. Біз оған 40 пайыз жеңілдік жасап бердік. Соның өзінде көнбей отыр. Ондағы ойы – тегін алу. Бірде бір жеке кәсіпкер келіспейді ондайға. Ол үшін жеке өзі клиникамен келісуі керек. Мемлекеттің оған еш қатысы жоқ»,– деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.

Шетелде емделуді ұйымдастыру департаментінің мамандары да Магомадовтар отбасына дәл осы жағдайда мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейтінін алға тартады.  

«Үміткер науқастардың шетелде ем алудың тәртібі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығымен бекітілген. Яғни ол бұйрықта өз бетіменен шетелдік клиникаларда ем алуға шығып кеткен науқастарға ол қағида қолданылмайды», – дейді ҚР ДСМ шетелде емделуді ұйымдастыру департаментінің аға менеджері Майра БЕЙСЕН.

Майра Бейсеннің айтуынша, қазір шетелде 80 қазақстандық азамат ем қабылдауда. Олардың ем-домына бюджеттен 1, 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал Магомадовтар отбасының енді жомарт жандардан көмек күтуден басқа амалы қалмай отыр. Қол ұшын созам деушілер экранда көрсетілген шотқа қаржы аудара алады.

Жеті ай бойы аурухананың төрт қабырғасында қамалған тоғыз жасар Магомед тезірек үйіне, туған еліне оралып, жақындарымен қауышсам дейді. Алайда, бұл арманы қашан орындалатыны әзірге белгісіз. Ал Магомадовтар отбасысының шетелдік клиникаға қарызы күннен-күнге өсіп бара жатыр.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир