ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жануарларға қатыгездікпен қарағандарға қандай жаза қолданылатындығын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Министр Сенаттың жалпы отырысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасымен қалыптасқан идеологияны іске асыру, оның ішінде жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін алдын алу және объективті жазалауды жүзеге асыру мақсатында құқықбұзушылықтың жаңа құрамын енгізу көзделетіндігін атап өтті. Оның айтуынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 407-1-бабына сәйкес, жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанатын жағдайда жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш, ал лауазымды тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 407-2-бабымен Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасы бойынша жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру; үй жануарларын есепке алу; жануарларды зоологиялық питомниктерде, жануарлар паналарында, зоологиялық қонақ үйлерде, жануарларды уақытша ұстау орталықтарында, жануарларды сауықтыру орталықтарында ұстау; үй жануарларын ұстау және серуендеу; жануарларды тасымалдауға қойылатын талаптарды бұзған жағдайда жеке тұлғаларға – 10, лауазымды тұлғаларға – 20, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанатын жағдайда жеке тұлғаларға – 20, лауазымды тұлғаларға – 30, ал заңды тұлғаға 40 айлық есептік көрсеткіш айыппұл қарастырылған», – деді Серікқали Брекешев.