Елімізде қай өңір жылыту маусымына дайын емес

Елімізде қай өңір жылыту маусымына дайын емес
Үкімет басшысы баяу қимылдап жатқан бірқатар өңір басшыларына ескерту жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл қыста қазақстандықтар тағы да жылуға жарымауы мүмкін. Елдегі өңірлердің тең жартысы маусымға дайын емес. Сылбыр қималдап жатқан бірқатар өңір әкімдерінің жұмысы Үкімет басшысының сынына ілікті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен қысты қандай дайындықпен қарсы алғанымыз белгілі. Қарашада қалтыраған халықтың жанайқайы жауаптыларға әлі де сабақ болмаған секілді. Екібастұз бастап, Теміртау, Риддер, Жезқазған қостаған 4 өңірдің  алдағы жылыту маусымына дайындығы мәз емес. Әбден тозығы жеткен жылу желілерінің жаңартылуы әзірге тек 55% орындалыпты. Жылу желілерін жөндеу жұмысы Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Абай облыстарында бел ортасына да жетпеген.

– Бүгінде жоспарланған жұмыстың 55%-ы орындалып, 73 шақырым жылу желілері салынған. Бірқатар өңірде жұмыс қарқыны төмен. Маңғыстау облысы бойынша 2 жобаны іске асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінде бірінші жобаға 100 метр желі тартылды, екінші жоба бойынша дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов.

Министрдің орынбасары «қараша қыста қалтырамас үшін қазынадан қаржы бөлінгенімен, кей өңір бергенді ұқсата алмай отыр» деді. Тозығы жеткен желілерді жөндеу бойынша биылға жоспарларған Шымкент, Қызылорда қаласында қос жоба тоқтатылыпты. Жауапты кезеңге бей-жай қараған өңір әкімдерінің қимылы Үкімет басшысының сынына ілікті. Премьер-министр көмірмен қамту кезеңінде де дүрбелең тудырмау керек екенін естеріне салды.

– Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пунктерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағасына тексеру жүргізуі қажет. Индустрия министрлігі «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың қажетті санын қамтамасыз етуі тиіс, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов саладағы цифрландыру мен автоматтандыру деңгейін арттыруға қатысты да бірқатар тапсырма берді. Әр өңір бастаманы сәтті іске асырса, жылу жүйесін басқаруға, ондағы нысандарды апаттан сақтауға мол мүмкіндік туатынын атап өтті.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматы жылыту маусымына дайын ба

Новости партнеров