Биыл қаладағы 463 ескі үйдің орнына жаңа әлеуметтік нысандар салынған
Петропавлда құлағалы тұрған үйлердің тұрғындары далада қаламыз деп дабыл қағып жатыр. Баспаналары адам тұруға жарамсыз деп танылып, жергілікті әкімдік олардың түрағын сүріп тастап, иелеріне пәтер не өтемақы беруі керек еді. Дегенмен келісімшарт орындалмай, тұрғындар не істерін білмей дал. Өйткені олар әкімдіктің сөзіне сеніп пәтер алмаққа несие рәсімдеп қойыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зейнет жасындағы Валентина Гавриловская мына жеке сектордағы ескі үйдің бірінде тұрып жатыр. Ол әкімдікпен жасасқан келісімшарт бойынша 5 желтоқсанда пәтерге көшуі керек еді. Бірақ келісімшарт орындалмай, қарт әже апаттық жағдайдағы ескі үйінде қорқынышпен күн кешіп жатыр.
«Біз көшеміз деп ойлап, тіпті қысқа да қамданбадық. Бақшаға да ештеңе екпедім. Заттарымды да дайындап қойғанмын. Киімдерімді чемодандарға салып, көшуге дайын отырдым», – дейді қала тұрғыны Валентина Гавриловская.
Әкімдіктен келген жаңалыққа қуанғандардың ішінде Артем Колобов та бар. Ол өз үйін сүруге келісім беріп, алған өтемақысына пәтер салып алмақшы болған. Өзіне берілуі тиіс қаражат аздық еткен соң, қосымша 2 млн теңгеге несие алып, өзі көшкелі жатқан пәтер иесіне алдын ала 200 мың теңге беріп те қойыпты. Енді әкімдікпен жасасқан келісімшарттың орындалмайтынын біліп, қарызды қалай жабарын білмей дал болып отыр.
«Мен әкімдікке өз жағдайымды айтып бардым. Мәселені шешеміз деді, бірақ еш нәтиже жоқ. Банкке ақшаны қайтаруға барғанда несиенің үстінен 250 мың төлейсің деп айтты. Қазір мен сол несиені, оның пайызын төлеп жатырмын. Бұл қарызды әлі 5 жыл бойы өтеуім керек», – дейді тағы бір тұрғын Артем Колобов.
Әкімдік тұрғындардың уайымына себеп бар деп отыр. Себебі қаражаттың жоқтығынан, бұл мәселе тек келесі жылы, облыстық бюджеттен қаражат түсіп жатса, қаңтар айында біржақты етілуі мүмкін.
«Наурыз айында қосымша қаражат бюджеттен сұралған болатын. Ол қазан айында түсуі керек еді, бірақ қазан айында ақша түскен жоқ. Сол себепті тұрғындарға төлем жасалмады», – деді ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Жалпы, биыл Петропавлда 463 ескі үйдің орнына жаңа әлеуметтік нысандар салынған. Ал 5 жыл ішінде 1600-ден астам үй сүріліпті.
Алина Норғожа, «Алматы» телеарнасы, Петропавлдан