Аймақ басшылары түйінді тарқату үшін 240-қа жуық жоба ұсынған
Елімізде биылдан бастап қалдықтарды жинау, сұрыптау мен өңдеуге дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік беретін жүйе енгізіледі. Бұл туралы Республиканың шығысындағы жұртпен кездескен Экология министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін жергілікті халық ведомство басшысына облыс орталығының қоқысқа толып бара жатқанын айтып шағымданған. Енді түйткілді шешу мақсатында өңірде тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салынбақ. Бұл мәселе республика бойынша өзекті болып отыр. Елдің түкпір-түкпіріндегі аймақ басшылары түйінді тарқату үшін 240-қа жуық жоба ұсынған, оның 94-і мақұлданды.
– Бүгінде жобалардың құжаты толықтырылып, есебі жасалды. Оның ішінде 10 жоба КДҚ тексеруінен өтіп, қаржыландыруға әзір. Қазір бірінен соң бірі келіп жатыр, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
2040 жылға қарай қалдықтарды жинау және шығару қызметі, ал 10 жылдан кейін қоқыстарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесі толық шешіледі. «Жасыл Даму» жобасы да мұны іске асыруға жәрдемдесіп келеді. Осы бағыттағы бизнес идеялар үшін 3 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға дейін несие беріледі.
– Бүгінгі таңда 22 жоба бірінші сатыдан өтті. Бұл – 115 миллиард теңгеге жуық ақша. Сондықтан халықты шараға қатысуға шақырамын, – деді «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Нұржан Қабдолданов.
Оқи отырыңыз: Таразда дәрігерлердің құрметіне салынған саябақ қоқыс аймағына айналды