Баспана көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға сату құқығынсыз берілді
Жетісай ауданында Конституция күні мерекесі қарсаңында тағы 90 отбасы баспаналы болып, үздік қызметкерлер марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Баспана тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға сату құқығынсыз берілді.
Өткен жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қаралған 862 млн 331 мың теңгеге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік 90 тұрғын үй сатып алынған болатын. Биылғы жылы мемлекеттен бөлінген 1 млрд 404 млн теңгеге жаңадан салынған тағы 90 үйді сатып алу жоспарланып отыр.
Айтулы мерекеде аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Жетісай аспанын күймен көмкеріп, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.