Бүгін Almaty.tv телеарнасы да қазыналы қарттарды қуантуға, сәл де болса жылылық сыйлауға тырысты. «Светафор» дүкендер желісі мен отандық өнім шығаратын «Барон фуд» кәсіпорынынан қолғабыс еткен іскерлердің азын-аулақ ас-ауқатын апарып, әлеуметтік жағдайын көзбен көрді. "Алматы" арнасының басшылығы бастаған шара аясында 10-ға жуық ардагер алғыстан басқа айтарымыз жоқ деді. Материалдық көмектен бұрын, иіліп сәлемедесіп, ілтипат көрсеткендері үшін бір жасап қалдық дейді.
«Өткен күніме өкпем жоқ» Бұл – бөтеннің ауласындағы қабырғасы қақырап, табалдырығы тозған, еденінен сыз өтетін бір бөлмені жалға алып күн көріп жатқан 70-жастағы Күлдәрия апаның шүкіршілігі. Жас күнінде кітапханашы болып жұмыс істеген екен. Құрсақ көтере алмаған соң, бір емес, екі бірдей ұлды асырап алып, бауырына басқан. Әуелгіде қалада пәтері де болыпты. Той десе қу басы домалайтын қазақ, перзенттері отау құрғанда дүркіретіп тойлату үшін несие алған көрінеді. Басындағы жалғыз баспанасын банктегі берешегін қайтара алмаған соң, қаржы институтына беруге тура келіпті. Ұлының үлкені 40-тан асса, кенжесі орда бұзар жастан да өтіп кетіпті. 8 немеренің әжесі, телеарна ұжымының хал сұрап, базарлық апарғанына балаша қуанды. Қарттық есігімді қақпай келетініне әсте тереңірек үңілмесем керек дейді. Күйімді сұрауға келгендерді көргенде көзіне жас алып қалатынын жасырмады.
«Әпкелік мейірім, ағалық бауырмалдықтарыңызды көрсетіп, үлкендерді сыйлап, осындай жағдай жасағандарыңызға сіздерге зор алғыс айтым келеді. Алтын уақыттарыңызды бөліп, іздеп келгендеріңізге мың да бір рахмет», – деді Күлдәрия РАХЫМБАЕВА.
Алматыға жас күнінде жұмыс бабымен Ресейден көшіп келген Галина әжейде кезінде ұйып отырған отбасы да, табысты жұмысы да бәрі болған. Теміржолшы болып қызмет еткен оның өмірінің астаң-кестеңі шығарын кім білген?! Әлеуметтік жағдайдың төмендігінен бұрын, бауыр еті баласынан 10 жылдан бері хабар жоқ екен. «Мені перзентім тастам кетті» деген өкпе-реніші де жоқ емес. Бәрінен де қуаныш пен қайғыда жаныңда медеу болатын жақыныңның болмағаны жабырқатады дейді қарт ана. Телеарна ұжымының «ардагерлер күнімен» құттықтап келгеніне дән риза екенін айтты.
«Көңіл бөліп келгендеріңіз үшін үлкен рахметімді айтамын. Қудай қуат берсін сіздерге. Біздер қарияларға назар аударып, жылы сөйлескеннің өзі – үлкен қуаныш. Менің үйіме осылай бірінші рет келіп, «ардагерлер күнімен» құттықтап отыр», – деді Галина ТАТАУРОВА.
«Ардагерлер күніне» орайластырған шара аясында телеарна ұжымы «Светафор» дүкендер желісі мен отандық өнім шығаратын «Барон фуд» кәсіпорынының тауарларын беріп, 10-нан астам қарияның үйіне кіріп, дидарласып келді. Қазынасы бар үйге балалары қайта оралар деген үміт отын жағу-басты міндетіміз болды. Қайткен күнде де, қоғам қарияларға қолғабыс етуден қалыс қалмайды.
Әйгерім Ердәулет, Влад Шишко «Алматы» телеранасы