Бүгін Наурызбай ауданына жұмыс сапарымен барған қала әкімі Бауыржан Байбек әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын аралап, құрылыс қарқынын тексерді. Осы тексеру барысында мегаполис басшысы биыл Алматының Наурызбай ауданында жаңа аулалардың үлесі 87%-ға дейін жететінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, әкім жол жөндеу мен аулаларды абаттандырудың барысын қадағалады. Қаланың кенже ауданында соңғы бірнеше жылда 252 көшеге асфальт төселіп, 200 шақырымнан астам су құбырлары мен кәріз желілері тартылды. Бірнеше мектеп пен 76 балабақша ашылған. Сондай-ақ, бірнеше аула абаттандырылыпты. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады.
Қала әкімі Бауыржан Байбек, жұмыс сапары барысында ұзындығы 2 шақырымға жуық Сәбденов көшесінің жөнделетін бөлігін де қарап шықты. Жоба бойынша мұнда жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Экологиялық тротуар плиткасы төселіп, жүргінші аймағы, спорт және балалар алаңдары пайда болады.
«Негізгі біздің мақсатымыз – халықтың табысын көтеріп, жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамытып, халыққа жағдай жасау. Ал алаң ең бірінші кезекте балаларға қажет. Наурызбай ауданында дүкен де, демалатын жер де, шаштаразға дейін барлығы болуы керек. Елде тұрақтылық болса, оның барлығын да жасаймыз», – деді қала әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Бұдан бөлек, шаһар басшысы аудандағы №184 бала бақшаға қайта барып, бұған дейін аумақта айтылған кемшіліктердің қалай түзетілгенін тексерді. Әкім бөбекжай айналасында ағаштардың аз екенін, балалар алаңдарындағы кейбір элементтердің заманауи стандарттарға сай келмейтінін ескертті. Анықталған олқылықтар мердігердің есебінен қалпына келтірілетін болады. Айта кетерлігі, 320 орынды балабақша бюджет қаржысына салынған. Мұнда оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдістері қолданылады және тілінің мүкісі бар 30 бала коррекциялық топ жұмыс істейді.