Отбасы күні: «Алматы – бақытты отбасылар мекені» акциясы аясында бірнеше шара өтті

09.09.2020 20:33

Алатау ауданынындағы жағдайы төмен отбасының 5 баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтар сыйға тартылды

almaty.tv

Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету жалғасуда. Қалалық «Бақытты отбасы» орталығы мен «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының» өкілдері шаһардағы аудандық полиция бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Өмірде ең қымбат нәрсе – отбасы» атты апталығын өткізуде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Отбасы күні аясында ұйымдастырылған бұл шара барысында Алатау ауданынындағы жағдайы төмен отбасының 5 баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтар сыйға тартылды.

«Өзіміздің әкімшілік қадағалауда тұрған отбасы жағдайы төмен көпбалалы ата-аналар мен отбасына Алатау ауданының ішкі істер басқармасының тарапынан үнемі осындай көмек көрсетіп, қол ұшын беруге әрдайым дайынбыз. Көмектесіп тұрамыз осындай кісілерге», – деді  Алатау аудандық учаскелік полиция капитаны Мадияр Самбетжанов.

Сондай-ақ, 7 қыркүйекте басталған апталықта «Алматы – бақытты отбасылар мекені»  акциясы да ұйымдастырылып, қолөнер бойынша шеберлік сыныптар өткізілген. Онда  Дағдарыс орталығындағы балаларға аудандық инспекторлар түрлі әшекей бұйымдар жасап, сурет салуды үйретуде. Мерекелік апта 11 қыркүйек күні өз мәресіне жетеді деп жоспарлануда.