Қалалық құрылыс басқармасы арнайы тексеріс жүргізді
Alma City тұрғын үй кешеніндегі кіреберістерде орналасқан пандустар алынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыдан бір күн бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ауыр құрылғы 2 жастағы бүлдіршіннің үстіне құлап кете жаздаған еді. Абырой болғанда бала жарақат алған жоқ. Осы жағдайдан кейін қалалық құрылыс басқармасы тұрғын үй кешеніне барып тексеріс жүргізді.
Оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Бейнебақылау камерасынан 2 жастағы Нурикамалдың пәтерге кіру үшін баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатқанын анық аңғаруға болады. Кенеттен кіреберіс қабырғасында ілініп тұрған салмағы ауыр темір пандус құлап түседі. Абырой болғанда бала дін аман, жарақат алған жоқ. Осы оқиғадан кейін пандустарды алып тастаған. Мердігер компания өкілдігінің айтуынша, мұндай мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғы тек бірінші қабатта ғана орналасқан екен.
Көпбалалы отбасы бірінші қабатта тұрады. Жұлдызай әжейдің айтуынша, үйінде 4 немересі бар. Олардың үлкені 6 жаста, кішісі 5 айлық екен. Кішкентай қыз оқиғадан кейін шошынып қалғаны болмаса, жағдайы бірқалыпты.
«Осы қыз ғой кешегі жорғалап жүрген. Тынымсыз өзі де. Балалар үшін қауіпті. Ата-аналары жетектеп қасынан қалмайды. Ана жерде біреу көрмей қалса немесе құлап кетсе қиын. Шошып қалды. Түнде жылап шықты», – деді қала тұрғыны Жұлдызай Ибрагимова.
Мердігер мекеменің айтуынша, тұрғын үй кешенінің сметалық құжатында пандус салу мүлде қарастырылмаған. Бұл жергілікті халықтың өтініші бойынша орнатылған екен.
«Кешегі жағдай бойынша пандустың кілті ашық қалған. Әлдебіреу оны ашып кеткен. Ол құлыптаулы тұрса, құлауы мүмкін емес. Бұған дейін мұндай жағдай тіркелген жоқ. Қазір шағынауданда осындай 40 пандус бар. Бізге оны алып тастаңдар деген тапсырма келді», – деді мердігер компания өкілі Арзу Гасанова.
Осы оқиғадан кейін қалалық құрылыс басқармасы тұрғын үй кешеніне барып арнайы тексеріс жүргізді. Нәтижесінде барлық пандустарды алып тастау туралы шешім қабылдады.
«Тексеріс нәтижесінде бұл тұрғын үйді Qazaq Stroy компаниясы салғаны белгілі болды. Құрылыс компаниясымен бірлесіп бір шешімге келдік. Алдағы уақытта пандустар тек мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын кіреберсітерге ғана орнатылатын болады. Жағдай бақылауымызда», – деді қалалық құрылыс басқармасының бас маманы Асылхан Қаскенов.
Мердігер мекеменің хабарлауынша, тұрғын үй кешенінде мұндай пандустың саны 40-тан асады. Қазір оларды алып, орнын тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы