Марқұммен қоштасу оның өзі жұмыс істеген мекемеде өтті
Бүгін қала халқы белгілі дәрігер-гастроэнтереолог Юрий Шумковты соңғы сапарға аттандырды. Марқұммен қоштасу оның өзі жұмыс істеген мекемеде өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азаматтың адамдығын айтқан көпшілік оны өз ісінің білікті маманы болған еді деп еске алады. Ал әріптестері Юрий Шумковты «қашан да қол ұшын созуға дайын, ақкөңіл, айрықша адам еді»,- деп отыр.
«Юрий мырза мені 16 жыл емдеді. Тек менің емес, ауырған жанның тән мен жанын жаза алатын мықты маман еді. Жүзінен бір жылулық есіп тұратын. Үнемі «24 сағат байланыстамыз, бір жағдай болса, хабарласыңыз» деп тұратын», - дейді емделуші Евгения Стрепетова.
Еске сала кетейік, 4 сәуірде Алматы көшелерінің бірінде дәрігер Юрий Шумковты белгісіз біреу атып кеткен еді. Күдікті кейіннен қолға түсті. Ал азаматынан айырылғандар әлі де бұл жағдайды қабылдай алмай отырғандарын айтады. «Себебі, ешкімге қастығы жоқ мұндай адамның дәл осындай қазаға ұшырауы мүмкін емес еді,- дейді жақындары.
«Ол кісі біреудің бетін қағып, талабын қайтарып көрмеген адам еді. Соншалықты ашық, ақжарқын болатын. Ал дәрігердің шешімімен келіспей, оған қару кезеніп, атып кету деген сұмдық қой. Айтарға сөзім жоқ», - дейді Юрий Шумковтың туысы Наиль Нуров.