Ақтаулық тұрғындар дәмхана құрылысына қарсылық танытты

22.05.2024 20:34

Олардың айтуынша, дәмхана балалардың аулада еркін ойнауына кедергі болып отыр

Almaty.tv

«Тынысымыз тарылып, аумағымыз азайды». Осылай деген Ақтаудағы элиталық тұрғын үй кешенінің азаматтары дәмхана құрылысына қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Элиталық үйден баспана алып жыларман болған жандардың жанайқайы 2 жылдан бері басылмай тұр. Үйді сатарда мердігер «көлік тұрағы болады» деп уәде берген. Енді ауладағы сол ұлтарақтай жер дәмхана орны боп шыға келді. Кәсіпкер құрылыс бастағалы тұрғындар ауласында еркін жүріп-тұруы мұңға айналған.

– Үйді алғанымызға екі жыл болды. Объектінің төлқұжатында аулада ештеңе болған жоқ, тек көлік тұрағы көрсетілген. Үй құрылысы аяқталар шақта, дәмхана пайда болды. Кәсіпкер құжатым бар дейді.  Әкімдікке барсақ, дұрыс жауап ала алмаймыз, – деді қала тұрғыны Мейірхан Ысқақов.

– Ертең үй алдында кептеліс болады, айқай-шу шығады. Мұнда жасалған тамақтың иісі үйге кіреді. Қоқысын дәмхана артына шығарып, үйіп қояды, тышқан, құмырсқа үймелейді. Иесіне заңсыз әрекетін айттым. Жауап бермеді, – деді қала тұрғыны Нұрбек Қазтұрған.

Мазасы кеткен халық кәсіпкермен сөз таластырудан нәтиже шықпаған соң, жауапты мекемелердің есігін қаққан. Бірақ олардан да мардымды жауап жоқ. Қалалық құрылыс бөлімінің мамандары «бұл жердің жобасын өзгерту мүмкін емес» деп отыр. Өйткені кәсіпкердің бұрынғы жер телімі мемлекетке қажет болып қайтарылғандықтан, орнына осы учаске ұсынылған.

– Аталған мәселе бойынша тұрғындар тарапынан бірнеше арыз түсті. Тиісті органдарға хат жолдадық. Келісуші орган болғандықтан, кәсіпкер құқығын шектей алмаймыз, – деді Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Бегалы Қожахметов.

Мемлекет пен кәсіпкердің айырбасы тұрғындарды көлік тұрағынан айырып, балалардың аулада еркін ойнауына кедергі болып отыр. Ал әзірге мәселені кімнің қалай шешетіні белгісіз.

Фариза Садатқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау

Оқи отырыңыз: Елімізде жолшы маманы жетіспейді