Жайық пен Каспийдің тартылуы Атырауда балық шаруашылығын тұралатып отыр

23.10.2021 00:07

Мемлекеттік квотамен 30 мың тонна балық аулауы тиіс балықшылар жоспардың жартысын да орындай алмаған

Almaty.tv

Жайық өзенінің тартылып, Каспий теңізінің таязданып кетуі Атыраудағы балық шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отыр. Өңірдегі мыңдаған балықшы Жайық-Қиғаш өзені мен Каспий теңізінен мемлекеттік квотамен 30 мың тонна балық аулауы керек болатын. Бірақ өзен суының тартылып, теңіз жағасының 20 шақырымға алыстап кетуі себепті бұл жоспардың жартысы да орындалмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жайықтың жайы 2019 жылы тарихи минимумға түскен. Ал Каспийдің жағасы жылдан жылға алыстап, биыл 20 шақырымға құрғаған. Бұған дейін күз келе салысымен, квота алған балықшылар жылдық қорын жинау мақсатында су маржанын жинап алатын. Алайда, биыл су айдынынан нәпақа көретіндер үшін нәтижесіз болып тұр. 

«Жайықтың жағдайы құрып бара жатыр. 250 метр ауға 30 келі ғана балық шығып тұр. Бұрын 4-5 тонна шығатын. Былтырлары жақсы еді, биыл мүлдем құрып барады. Енді су толмаса, кәсіпсіз қалатын түріміз бар», – дейді балықшы Ғаббас Мұратов.

Өзендегі судың таяздығы салдарынан теңізден балықтың шығуы қиын. Жайық бойын жағалай 15 тартым аумақта 11 кооператив орналасқан. Бірақ түсім нашар. Ал балық ауланатын кейбір тартым жабылып та үлгерген. Ал Каспий теңізіне қарай бағыт алғандар жарты метрге дейінгі таяздан өте алмайды.

«Былтырғыға қарағанда, биыл балықтың жағдайы нашар. Оған судың өте төмен деңгейге түсіп кетуі себеп болып отыр. Қарап отырсаңыз, биыл Жайықтың деңгейі 2 метрдей түсіп кетті. Он күн бұрын солтүстіктен соққан желдің бағытынан Жайықта да, теңізде де су деңгейі қатты төмендеді. Осы жерден теңізге қарай қайықтардың шығуына мүмкіндік жоқ, үлкен кемелер де, шағын қайықтар да шыға алмай тұр», – деді балық қорғау инспекциясының бас маманы Амангелді Ахтанов.

Балықшыларға берілген квота негізінде Атырау балықшылары Жайық, Қиғаш өзендерінен 30 мың тонна су маржанын теруі керек болатын. Дегенмен, қорда әзірге 8 мың тонна бар. Ал су деңгейі көтерілмесе 2022 жылдың көктемінен де үміт жоқ деген сөз. Табиғи апат жалғаса берсе, Жайық-Қиғаш бойын мекендеген 17 балықшы кооперативінде мыңдаған адам жұмыссыз қалуы да мүмкін.

Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан