Елорда мектептерінде 25 мың орын жетіспейді, сол себепті үш ауысымда оқытатын 8 мектеп бар
Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келушілер көбейген сайын шаһардың әлеуметтік инфрақұрылымына салмақ түсуде. Яғни бүгінде елордада білім беру, медицина ұйымдары тапшы. Тұрғын үй кезегі де кемудің орнына көбейе түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы жылдары болашағын бас қаламен байланыстырғысы келетіндер саны күрт өскен. Қазір елордада 1 млн.108 мың адам тұрып жатыр. Оның 43 мыңнан астамы биыл қоныс аударған. Көші-қон саласының мамандары бұл өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым аз дейді.
«Қазіргі таңда көшіп келушілер саны күрт азаюда. Мысалы 2016 жылы елордамызға 79 мың көшіп келген. Олардың көбі көрші Ақмола, СҚО, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарынан келушілер», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД көші-қон басқармасының басшысы Арман БАЙМҰХАМЕТ.
112 мектеп - 183 мың оқушы
25 мың орын жетпейді
8 үш ауысымды мектеп
Халық саны өскен сайын әлеуметтік инфрақұрылымдарға да сұраныс артады. Ел астанасы бұл сұранысты қанағаттандыруға дайын емес. Мәселен, бас қалада балабақша мен мектеп тапшылығы - басты мәселе. Қазір мұнда 112 мектепте 183 мың бала білім алуда. Бірақ әлі 25 мың орын жетпейді. 8 үш ауысымды мектеп бар. 2020 жылы мемлекет қаржысына 12 мектеп салынады деп жоспарланған. Алайда ол қажеттіліктің үштен бір бөлігін ғана өтемек. Балабақшаларда да 3 пен 6 жас аралығында 12 мың бала кезекте тұр.
«Қаламызда мектептерде орын тапшылығы бар. Бүгінгі таңда бізде 14 мектеп шамадан тыс жұмыс істеп жатыр. Біз бұл мәселені келесі бес жылға бекітілген кешенді жоспар аясында шешуді жоспарлап отырмыз. Кешенді жоспар негізінде 47 мектеп салу жоспарланған», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Жазира АСАНОВА.
Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударғандар тұрғын үй кезегін де көбейткен. Бүгінде 47 мыңнан астам адам әлеуметтік баспана кезегінде. Ал, биыл небәрі 2 400 пәтер берілген. Келесі жылы жергілікті әкімдік 7000 пәтердің кілтін табыстауды жоспар отыр.
«2016 жылы – 39 695 адам, 2017 жылы – 44 512 адам, яғни бір жылда 48 мың адам кезекке тұрған болатын. 2018 жылы 49 мың 967 адам кезекке тұрған болатын. Яғни 5 455 адамға көбейген», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын-үй қорының баспасөз хатшысы Арманай ҚАБДЕШОВА.
Көші-қон шаруасы қашанда, қай қалада болмасын өзекті тақырып. Сол себепті бұл мәселені Мемлекет басшысы да жіті назарға алуды тапсырған болатын.
«Бізге ішкі миграциялық процесстерді бақылауды күшейту керек. Ары қарай бұлай жалғаспауы тиіс. Мен өз жолдауымда қалаларымыздың халық саны көбеюі мақтаныш емес екенін айтқанмын. Ол - шешімі қажет мәселе», – деді Қр Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Президент осындай пәрмен берді. Енді мәселенің шешілуін уақыт көрсетеді. Ал, мамандар дамыған елдерде урбанизацияның жүруі қалыпты жағдай дейді. Бүгінде бас қаламен болашағын байланыстыруға ниеттенгендер 35 жасқа дейінгі жастар екен.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы