Қызметкері пара алса, басшысы жазаланады: депутаттар жаңа заңды мақұлдады

19.06.2019 20:45

Басшы бірден отставкаға кетпейді – алдымен ескерту, сөгіс беріледі немесе лауазымы төмендейді

Sputnik

Бұдан былай қоластындағы қызметшісі аяғын шалыс басқаны үшін басшы жауап береді. Мәжіліс депутаттары «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы» заң жобасына енгізілген түзетулерді оң көріп, екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 
Сенатқа жіберілген құжатта қандай да бір лауазымды шенеуніктің қоластындағы қызметшісі жемқорлықпен ұсталса, басшыны тек тәртіптік жазаға тарту қарастырылған. Демек, пара алған шенеунікке жауапты тұлға бірден отставкаға кетпейді. Заңға сәйкес, алдымен оған ескерту беріледі, сосын сөгіс жарияланады немесе лауазымы төмендейді.  

«Құжат мемлекеттік қызметшілерді тәртіпке шақырып, жұмысқа қабылдаған маманы жемқорлықпен ұсталса, басшысын тікелей жауапқа тартуға мүмкіндік береді», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Михаил ЧИРКОВ.

Мемлекеттік мекемеде жүріп, экономикалық қылмысқа барғандар үшін басшыларының отставкаға кетуіне ықпал ететін құжат Парламентке күзде жол тартпақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктегілер осы мәселені ведомствоаралық отырыстарда пысықтаймыз дейді. Саясаттағы ірі тұлғаларды бір мезетте орнынан тайдыратын заң туралы Алик Шпекбаевтың орынбасары айтты.

«Жауапкершілік пен отставка – екеуі екі түрлі институт. Бөлек болғаннан кейін екі заң жобасында қаралуда. Мемлекет басшысы берген 20 мамырдағы нақты тапсырмаға негізделген заң бүгінде әзірленіп жатыр, күзде Парламентте қаралады», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік төрағасының орынбасары Айгүл ШАИМОВА.