Тек былтыр 15 пен 29 жас аралығындағы 887 қазақстандық өз-өзіне қол жұмсаған. Әсіресе жастар арасында өлім саны күрт көбейді. Бұл ақпарат Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәлімдемесінде көрсетілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы орайда, бүгін аталып өтетін «Дүниежүзілік суйцидтің алдын алу» күніне орай «Қазақстанның тең құқық және тең мүмкіндіктер институты» білікті мамандардың қатысуымен, онлайн форматында баспасөз мәслихатын өткізді. Онда жастардың не себепті өз-өзіне қол жұмсауға бейім екендігі және бұл қатердің алдын алу бойынша ұсыныстар айтылды. Психолог мамандардың пікірінше, күйзеліске жақын жасөспірімдерді анықтау үшін, олардың мінез-құлқын тыңғылықты зерттеу керек.
«Біз үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық тәжірибесін және қазақстандық тәжірибені қамтуға тырыстық. Онда «Geid Keeper» бағдарламасы бар және бұл жобаға қатысушылар «гейдкиперлер» деп аталады. Ал, Қазақстанда оларды ғылыми терминмен «күзетші» дейді. Олар суицидке бейім адамдардың мінез-құлық белгілерін алдын ала анықтай алатын мамандар. Бағдарламаға сәйкес, кез келген адам гейдкипер бола алады. Мәселен, ата-аналар, мұғалімдер, достары, көршілер және дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер. Бұл бағдарлама қазір Мичиган университетінде кеңінен қолданылып жатыр», – деді психолог Алексина Ли.
Елде суицид жағдайын азайту үшін жастар мен мамандар тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы қажет дейді, шараға қатысушылар. Ал, психологиялық кеңес беру мен тренингтерді карантин уақытында өткізу тоқтатылғандықтан, онлайн түрде қызмет көрсетіліп жүр. Алдағы уақытта шет елдің тәжірибесі негізінде отандық мамандар ұсынған бұл жобаларды Алматы қаласы мен Алматы облысында жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Бүгінгі күні жалпы тәжірибелік дәрігерлер жеңіл депрессиялық жағдай мен ауыр халдегі мазасыздықты бірден анықтап, диагноз қоюы керек. Бұл пациентті тез арада қажетті маманға бағыттап, ем тағайындау үшін маңызды. Қазір заңнамамен бекітілген, мүмкіндік көп. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сауықтыру орталығын ұйымдастыруда. Онда жасөспірімдер алдын ала жазылмай-ақ, тегін көмекке қол жеткізе алады. Бұл жаңа кодексте де көрсетілген. Ал, пандемия кезінде біз бүкіл халыққа онлайн-кеңес жүргіздік, 100 мың сессия және 300 онлайн-кеңес өтті», – деді ҚР ДСМ «Психикалық денсаулық республикалық ғылыми-практикалық орталығының» бас директоры Николай Негай.