Игі іс: телеарна тілшілері қарияға құжатын алуға көмектесті

26.07.2024 22:51

10 жылға жуық құжатсыз сандалған қария арнамызға ризашылығын білдірді

Almaty.tv

«Қатарластарымнан қалмай, бейнетімнің зейнетін көріп отырғаныма қуаныштымын». Тоғыз жыл жеке төлқұжатына қол жеткізе алмаған қария қуанышын жеткізді. Алматы облысындағы Түрген ауылының тұрғыны 8 ай бұрын құжатын ала алмай жүргенін айтып, арнамыздан көмек сұраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

66 жастағы Болат Құлатаев Түргенде дүниеге келіп, өскен. Есік қаласында білімін жетілдіріп, мамандық меңгерген. Бірақ 2014 жылы баспанасы өртеніп, білімін ғана емес, жеке басын растайтын құнды қағаз отқа оранған. Арада жылдар өтсе де, жағдай ретке келмей, азамат арнамыздан көмек сұрауға мәжбүр болған.

– Қазақстанның азаматы болдым. Бұрын тізімде жоқ болдым. Менің бар екенімді Құдай ғана білген шығар. Одан басқа ешкім білмейтін, – деді Түрген ауылының тұрғыны Болат Құлатаев.

Қайта дайын болуы қиын болған куәлік бір жұманың ішінде ақсақалдың қолына берілді. Көші-қон қызметі істің неліктен ұзаққа созылғанын түсіндірді.

– Бұл кісі №1 анықтамасын таба алмағандықтан, 9 жыл жеке куәлік ала алмады. Анықтама  табылып, жеке куәлігін алды. Енді туу туралы куәлігін қалпына келтіруге өтінім береді, – деді Еңбекшіқазақ аудандық көші-қон қызметінің инспекторы Ержан Омарбеков.  

9 жылға созылған жеке куәліктің жыры аяқталғанымен, тағы бір мәселе пайда болды. Ақсақал құжаты болмаған соң зейнетақыға да қол жеткізе алмай келген. Бұл түйткілдің де түйіні шешілген.

– Жеке куәлікті алған соң, бірден жеке есеп шот ашылды. Қазір  зейнеақым 63 мың теңге болды, – деді Түрген ауылының тұрғыны Болат Құлатаев.

10 жылға жуық құжатсыз сандалған қария арнамызға ризашылығын білдірді. Азамат ақ батасын беріп, телеарна ұжымына табыс тіледі. Көп уақытын үйінде өткізетін ол «зейнетақым шайлығыма жетеді» дейді.

Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда қатерлі ісіктің ерте сатысында анықтау деңгейі өсті