Жамбыл облысындағы оқ-дәрілердің бір бөлігі ШҚО-ға жеткізілуі мүмкін

29.12.2021 22:11

Оқ-дәрілер әртүрлі қоймаларға жеткізіледі

Almaty.tv

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында сақталған оқ-дәрілердің бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласына жеткізілуі мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның мәліметі бойынша, арнайы дайындалған орындар бар. Оқ-дәрілер әртүрлі қоймаларға жеткізіледі. Ал жарылыс кезінде хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметші Бауыржан Дәуітбаевты іздеу шаралары еш нәтиже бермеген. Қорғаныс министрінің орынбасары іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын, қазір іздеуге ауа райы жағдайлары кедергі болып тұрғанын да айтты.

Айта кетейік, биыл 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінде өрт шыққан еді. Салдарынан бірнеше адам қаза тапты.

«Толық бағдарлама қабылданды, соған сәйкес құрылыс жүріп жатыр. Бұл мәселемен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады. Менің ойымша, жұмыс кешенді түрде жүргізіледі. Үкімет тарапынан комиссия жұмыс істейді, оны вице-премьер басқарады. Жаңа қоймалар салынып, оларға оқ-дәрілер жеткізіледі», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.