Қадір түні күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап таң атқанға дейін жалғасады
Қадір түні – Рамазан айының соңғы он түнінің бірі. Биыл 23 наурызда басталған қасиетті Рамазан айы 20 сәуірде аяқталады. Ал мың айдан да қайырлы Қадір түні сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнге түсіп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. Өйткені бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған.
Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Жалпы «Қадір» деген сөз араб тілінен «тағдыр» деген мағына береді. Сол себепті бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады.
Қадір түнінің белгілері
Қадір түнінің белгілері жайында пайғамбарымыз (c.ғ.c): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады», – деген.
Тағы бір хадисте: «Қадір түні тұнық әрі жарық болып, айдың өзі бейне бір нұрға толы болады. Ол түн суық та ыстық та емес, тыныш та жайлы болып, таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тыйым салынады. Бұл түннің тағы бір белгісі, таңертең күн сәулесі, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді», – делінген.
Сондай-ақ қасиетті түнде бұлтта, жаңбыр да, жел де болмайды.
Қадір түні не істеу керек
Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам шомылып, дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауы тиіс.
Біріншіден, Алла Тағалаға құлшылық жасап, намаз оқу керек.
Екіншіден, құран оқып, оның мағынасын терең түсініп, үйреніп, үйрету қажет.
Үшіншіден, діни білім алып, уағыз тыңдап, шариғат үкімдерін бойға сіңірген жөн.
Төртіншіден, тәспі тартып, зікір салу керек.
Бесіншіден, діни кітаптарды оқып, діни фильмдер көрген жөн.
Алтыншыдан, көп дұға қылып, тілек тілеген абзал.
Жетіншіден, мүмкіндігінше мешітке келіп, Қадір түнінің құрметіне намаз оқыған дұрыс.
Ескерте кететін жайт, мешітке келген кезде дүние сөзін сөйлемеу керек. Басқаларға бөгет жасамаған жөн.
Қадір түнінің намазы
Қадір түнінің намазы Құптан намазынан кейін, Үтір уәжіп намазынан соң, таң ағарғанға дейін оқуға болады. Қадір түнінің намазы 2 рәкаттан 12 рәкатқа дейін оқылады, намазда Фатиха және Қадір сүрелері оқылады.
1-рәкатта: 1 фатиха, 3 қадір сүресі оқылады.
2-рәкатта: 1 фатиха, 3 ықылас сүресі оқылады.
3-рәкатта: 1 фатиха, 3 қадір сүресі оқылады.
4-рәкатта: 1 фатиха, 3 ықылас сүресі оқылады.
Намаздан соң, екі жаққа сәлем бергеннен кейін 11 рет «Аллаху әкбар, Аллаху әкбар, Лә илләху уаллаху әкбар Аллаху әкбар уәлилләхи хамд» деп айтылады.
Ең соңында 100 рет Ықлас сүресі, 100 рет Қадір сүресі оқылады.
Қадір сүресін білмегендерге оның орнына Кәусәр сүресін оқуға болады.
Қадір түні қай уақытқа дейін жалғасады
Қадір кеші күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап таң ататын уақытқа дейін жалғасады.
Ақпарат ramadan.muftyat.kz сайтынан алынды.