Отандық өнімге Ақтөбе мен Атырау облыстарынан тапсырыс беретіндер көп
Маңғыстауда жоқтан бар жасап отырған кәсіпкер көпке үлгі. Ол өңірдегі ірі мұнай компаниялары мен кішігірім цехтардан шыққан пластик қалдықтарды қайта өңдеп, одан полимерлік төсеніш тастарын дайындайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұнайлы ауданындағы Рахат Біләлов 10 жылдан бері пластик қалдықтарын қайта өңдеп, одан экоөнім алады. Кәсіпкер қалдықтардан полимерлі кеспе тас дайындайды. Бұл жұмыс Рахатты ғана емес, аудандағы бірнеше адамды да жұмыспен қамтып отыр. Шаруа иесі өңірде аналогы жоқ кәсіп үшін шикізат көп екенін айтты. Оның айлық табысы - 5 млн теңге.
– Өнімнің 50 жылға дейін кепілдігі бар. Ол ауа райына төзімді. Дамыған елдерде пайдаланады, – деді кәсіпкер Рахат Біләлов.
Ал кәсіпкер Ермек Оспанов құйылмалы сусындарға пластик құты дайындайды. Ол кәсібінен нәсіп тауып, бірнеше адамды жұмыспен қамтыған. Азамат бұл істі бір жыл бұрын бір құрылғымен бастаған. Сұраныс артып, бір жылда 7 техника сатып алған.
– Болашақтағы жоспарым – Маңғыстау облысындағы химиялық зауыттармен жұмыс жасау және оларға сұраныстағы әртүрлі пішіндегі құтыларды жеткізіп беру. Олар қазір құтыны Алматы қаласынан алып отыр. Осы істі Маңғыстауда өндіріп, тығыз жұмыс істегім келеді, – деді кәсіпкер Ермек Оспанов.
Кәсіпті дөңгелетіп, жұртқа да пайдасын тигізіп отырғандар істі әрмен қарай жандандыруды көздейді. Осы бағытта қазір қос азамат та тынбай еңбек етуде. Отандық өнімге Ақтөбе мен Атырау облыстарынан тапсырыс беретіндер көп. Ал жергілікті мемлекеттік сатып алу порталында мұндай бұйымдарға конкурс жарияланбайтын көрінеді.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Биыл Алматыда жұмыссыздық деңгейі төмендеді