Алматыда субұрқақта зардап шеккендерді құтқарған студент марапатталды

23.06.2021 20:36

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді

Almaty.tv

Алматыда субұрқақта зардап шеккендерді құтқарған студент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан марапат алды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Мемлекет басшысы адамдардың өміріне қатер төнгенде көрсеткен асқан ержүректігі мен батылдығы үшін Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті Абылай Балапановты Құрмет грамотасымен марапаттады», деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

19 жасар Абылай Балапанов өткен демалыс күндері Алматыдағы субұрқақтардың бірінде тоқ соғып, зардап шеккен әйел мен екі баланы шығарып алғанын еске сала кетейік. 28 жасар әйел қазір қаладағы орталық клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы әлі де ауыр екенін айтқан.