Дала өрті 47 гектар аумақты шарпыды
Атырау облысында 1000-нан астам еділбай тұқымдас қой өрттің ортасында қалып, тірідей жанып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қызыл жалын Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғызапан ауылына жақын маңда болған. Жергілікті халықтың айтуынша, өрт Ресейдің Астрахань облысы аумағында тұтанып, жайылған. Дала өрті 47 гектар аумақты шарпыды. Оны өшіруге 30 адам мен 4 техника жұмылдырылды.
«Өрт салдарынан Сүйіндік ЖШС-не тиесілі 1003 бас қой өртте қалған. Оның тірі қалғаны 190 басы сойылған. 304 басы Атырау қаласына автокөлікпен жөнелтілген. Ал қалған 500 басы шығын болған. Аталған серіктестіктен күні бүгінге дейін құзырлы органдарға немесе жергілікті атқарушы органдарға ешқандай арыз шағым түспеген», – деді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев.