Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі
Президент тапсырмасына сай «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында биыл 50 мыңнан астам адам оқытылады. Ол туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, бұл мақсатқа былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе қаражат, яғни 50 миллиард теңге қажет. Әсіресе кәсібін ашқысы келетін ауыл азаматтарына қолдау көрсетілмекші.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы грант мөлшерін 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 1 миллион 200 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырған болатын. Гранттарды жұмыссыз адамдарға 5-6 пайызбен беру жоспарлануда.
«Жұмыссыз жүрген жастар, көпбалалы аналар, мүгедектер, қандастар санаты жатады. Осы категориямен бірге оқытып, даярлап, қазір 180-дей оқытушы жұмыс істеуде. Қазақстанның әрбір облысы мен ауданында, моноқалаларында осындай бизнес-тренерлеріміз бар. Бұл жұмысты тез арада дайындауға біз дайынбыз», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Бүгінгі күні 1500-ден астам зардап шеккен кәсіпкер тіркелген. Олардың шығыны 93 миллирд теңге деп есептелуде. Бұған дейін шығын сомасы 100 млрд теңгеден асқаны айтылған болатын. Алайда кейбір бизнесмендер мемлекеттен көмек алудан бас тартқан. Тағы бір айта кетерлігі, зардап шеккен бизнес өкілдеріне көмек көрсету үшін «Күшіміз бірлікте» қоры ашылған еді. Бүгінде оның есепшотына 1 млрд теңге аударылған. Жиналған қаражат Алматы қаласы мен өзге де аймақта зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімімен бөлінеді.
«Ең бастысы, комиссия мұны бекіту қажет. Иә, осыншама сомаға зардап шекті, одан басқа, құқықтық органдардың жүргізетін жұмысы бар. Осы жұмыстар атқарылмайынша, өз жұмысын бастауға болмайды. Ал өз жұмысын бастап кеткен кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көмек көрсетуге мүмкіндік болмайды. Бұл заңға қарама-қайшы болып тұр», – деді Нариман Әбілшайықов.