Елімізде халық санағы қашан өтеді

abai.kz
abai.kz
Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық форумда айтылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ТМД елдері арасында жастарға қарағанда егде адамдардың үлесі басым. Соңғы жүргізілген санақ нәтижесі осындай. Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық форумда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәселен 1990 жылы 60 жастағылардың үлесі 40 пайыз болса, 2022 жылы көрсеткіш 52-ге дейін көтерілген. Жиынға сондай-ақ 10 елдің арнайы өкілі келіп, санақ жүргізудің халықаралық аспектілерін талқылады. Шетелдік делегаттар жергілікті тұрғындар санына есеп жүргізудің түрлі әдіс-тәсілін бөлісті. Айта кетейік, елімізде соңғы рет санақ 2021 жылы жүргізілген еді.

– 2021 жылы пандемия болса да, санақ жүргізуді тоқтатпадық. Бірқатар қиындыққа тап болдық. Жұмысты 100 пайыз онлайн жүргізе алмадық. Себебі бізде санақтың ортақ базасы жоқ. Есепті тұрғындарды аралап, жүргізуімізге тура келді. Елімізде соңғы санақ бойынша қанша тұрғын бар, олардың жас ерекшеліктері, діни ұстанымдары қандай деген толық ақпаратты осы жылы жариялайтын боламыз. Қазір соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.  

ТМД елдері арасында санақ әр 10 жыл сайын жүргізіліп отырады. Кезекті есеп жүргізу 2030 жылға жоспарланған екен. Ұлттық статистика бюросы басшысының айтуынша, ол кезде санақ жаңа әдіспен жүргізіледі. Яғни, бұрынғыдай үй-үйді аралап жүрудің қажеті болмайды. Бұл үрдіс – әлем елдерінде бұрыннан бар тәжірибе.

– Қай елде болмасын, санақ жүргізіп отырудың маңызы зор. Атап айтсақ, бұл жергілікті елдің әлеуметтік-экономикалық даму мақсатын айқындайды. Саяси стратегиялық жоспар да осы көрсеткішке сай дайындалады. БҰҰ агенттігі ретінде біз Қазақстанда жүргізілетін санақтың ашықтығынын бақылаймыз және өз тарапымыздан қолдау көрсетіп отырамыз, – деді  ЮНФПА-ның Шығыс еуропа және Орталық азия елдеріндегі өңірлік директорының орынбасары Джулия Валезе.

Новости партнеров