Осыған дейін институт 18 мыңнан астам офицер даярлап шығарды
Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының 350 жас түлегі лейтенант шенін алды, деп хабарлайды Almaty.tv
Олардың қатарында ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымының бағдарламасы бойынша білім алған 11 Тәжікстан елінің өкілі мен Қырғызстанның 7 азаматы бар. 4 жыл оқуда түлектер әскери тактика, қоғамдық ғылымдар, шет тілі, автомобиль даярлығы және соғыс машинасы, артиллериялық қарулар мен техникаларды пайдалану мамандықтарының қыр-сырын үйренді. Дәстүрлі іс-шарада лейтенанттарға диплом мен төсбелгі тапсыру рәсімі өтіп, жиынның соңы салтантты шеруге ұласты.
«Әрине, офицерлік жолға түскеннен кейін біз үшін оңай емес. Курсанттан офицерлік жолға түсу өте бір қиын жолдарды өтіп, офицер атандық. Алға қойған мақсатымыз Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне қызмет етіп, еліміздің абыройын және Қарулы күштердің абыройын көтерсек деген ниеттеміз», – деді С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының жас түлегі Қуанышбек Ордабек.
Осыған дейін институт 18 мыңнан астам офицер даярлап шығарды. Олар қазіргі уақытта Қазақстан мен тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің Қарулы Күштерінде қызмет етіп жатыр.
«Бүгін жас офицерлерді шығарып салу рәсімі өтіп жатыр. Оқу 6 мамандық пен 11 біліктілік негізінде жүргізілді. Түлектер еліміз бен халқымызды қорғап, абыройын сақтайтынына сенімдімін. Оларға ақ жол тілеймін», – деді С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институты басшысының орынбасары Айбек Акчин.