Олар заңсыз криптовалюта өндірумен айналысқан
Қостанай облысында заңсыз криптовалюта өндірумен айналысқан топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Күдіктілер шамамен 3 аудан орталығы пайдаланатындай немесе 27 орта мектеп тұтынатындай электр энергия көлемін қолданған. Бұл жергілікті электр желілеріне орасан зор салмақ түсіріпті.
Тінту нәтижесінде 150-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен, оларды салқындатуға арналған құрылғылар, Wi-Fi роутерлер, ұялы телефондар мен ноутбуктер тәркіленді. Алдын ала есеп бойынша заңсыз қызметтен түскен қаржының жалпы айналымы 100 млн теңгеден асады.
«Агенттіктің цифрлық активтермен айналысатын арнайы бөлімшесі заңсыз өндірілген «Bitcoin» түскен криптобиржадағы аккаунтарды анықтады. Соттың санкциясымен күдіктінің мүлкіне және криптовалюта аккаунтында сақталған заңсыз өндірілген цифрлық активтеріне тыйым салынды», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің аға жедел уәкілі Көркем Бектасова.
Оқи отырыңыз: Қостанайда электр қуатының құны өседі