Әйгерім-2 тұрғындарының мәселесі қалай шешіліп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жауапты мамандардың айтуынша құрылыс жұмыстары көктемде басталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласына қарасты Әйгерім ықшамауданында ауыз су мәселесі әлі де шешімін таппай отыр. 70-ке жуық отбасы су қысымының жоқтығына шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Айтуларынша шағынаудан орталықтандырылған жүйеге қосылмаған. Әлсіз аққан судан үйлері де жылымайтын көрінеді. 

Әйгерім шағынауданындағы біраз үйдің халқы жылуға жарымай келеді. Олардың бірі Жазира Құрманбайқызы кейде үйін жылыту үшін көршілердің құбырына қосылады екен. Су қысымының әлсіздігінен жылытқыш толығымен жұмыс істемейді дейді ол.

«Өздеріңіз көргендей үйге бөтелкемен тасимыз. Кір жуғанда да осылай. Басқа бізде жол жоқ. Соған көмек сұраймыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Жазира Құрманбайқызы.

Көрші үйлердің тұрғындары да кезекпен құбырларын жалғап, амалдап жүр. Себебі қысымның жоқтығынан тамшылап аққан су жиі қатып қалады екен. Сондықтан аудан жұрты құбырды дәнекерлеу лампасымен ерітіп, қауіп-қатерге баруға мәжбүр.

«Бізде ең басты проблема су. Ешкім жүргізіп берген жоқ бізге суды. Диаметрі кіші трубаны өзіміз жүргіздік. Қазір оның қысымы жоқ. Екіншіден, қазір қыс кезінде қатып қалады», – деді Алатау ауданының тұрғыны Нұрасыл Сайлыбаев.

Жергілікті әкімдікте шағынаудан құбырлары биыл орталық желіге қосылатынын мәлімдеді. Қазір мердігерлер арасында жобаны жүзеге асыруға байқау жарияланыпты. Жауапты мамандардың айтуынша құрылыс жұмыстары көктемде басталады.

«Ауа райының суық болуына байланысты тұрғындар су қатып қалмасын деп әрқайсысы даладағы крандарын ашып қойған. Төмен жақтағы тұрғындарға судың жетіспеушілігі байқалып отыр. Енді тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталған мәселені түбегейлі шешу бойынша қазір Алматы қаласы энерготиімділік басқармасы тарапынан жоба дайындалған», – деді Алатау ауданы коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.

Ықшамауданда көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір мәселе - апатты жағдайдағы электр беру бағаналары. Тозығы шыққан бағандар кез-келген уақытта құлап, өрт шығуы мүмкін дейді тұрғындар. Ал әкімдік  оларды биыл жөндеп беруге уәде берді. Жақында тіректер иесіз деп танылып, қала меншігіне ауыстырылады.

Аяулым Көлжігіт, Сымбат Ноғай Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров