Бүгін Алаш жұрты ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлын ақтық сапарға шығарып салды. Ұлттық журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосқан азамат 70 жасқа қараған шағында өмірден озған еді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ телевизиясының қара нарындай дара тұлғаның қазасы көрермен қауымның, қазақ жұртының қабырғасын қайыстырып кеткені рас. Еліне байлық пен қуат тілеген арда азамат ел жадынан өшпек емес.
«Мен» дегенді жиі айтуыма еркіндігім себеп». Ата тәрбиесінде еркін өсіп, 5 жасынан әріп таныған Нұртілеу Иманғалиұлы бір сұқбатында осылай деп еді. Расында, ардагердің отандық телевизияда жарқырап жүріп, ойып орын алуы да сол еркіндік, сол даралықтың көрінісіндей. Замандастары бала Нұртілеуді аса белсенді, досқа адал, сөзіне берік еді деп еске алады. Айтқаны да, істегені де табиғатынан алыс кетпеген арда азамат бала күнінен айтысқа, сөз өнеріне, ән мен спортқа бейім болыпты.
«Саналы ғұмырының үлкен бөлігін қазақ тележурналистикасына арнаған қазақтың ардақты перзенті, біздің қадірлі, қастерлі, қадірменді досымыз Н.Иманғалиұлынан айырылып отырмыз. Бұл қазақ тележурналистикасы үшін өте үлкен қаза», – деді журналист, Н.Иманғалиұлының досы Марат Тоқашбаев.
«Шындығында Нұртілеу еш уақытта ұмытылмайды. Оның жасаған еңбегі мәңгілік жасайды. Әсіресе, қазақ телеарнасының, ұлттық арнаның архивінде сақтаулы болып, кейінгі ұрпаққа ары қарай жалғасып жататыны сөзсіз», – деді Н.Иманғалиұлының досы Сапарбай Тойлыбай
«Шешен сөйлесе, қара сөздің қаймағын айтады. Көсем сөйлесе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін, байламын айтады. Ал, мен секілді журналист сөйлесе, тілінің ұшындағы емес, көңілінің, жүрегінің тұсындағы, ойдағыны айтады».
Иә, Нұртілеу Иманғалиұлы көңіл көгіндегі, жүрек тұсындағы ойын ашық айтты. От мінезді, орақ тілді ардагер елдегіні де, төрдегіні де ойландырарлықтай мәнді сөйлейтін. Бір сұқбатында: «Өзімді танытқан журналистикаға талмай еңбек етсем, менен бақытты адам жоқ»,– деді.
22 жасында отандық телевизияның табалдырығын аттап, бар ғұмырын бір мамандыққа арнаған азамат қазақ журналистикасының корифейі, мэтріне айналды.
«Тек қазақ телевизиясының емес, бүкіл қазақ журналистикасының бүтін бір дәуірі, эпохасы өтіп бара жатқандай сезімдеміз. Қимай тұрмыз. Артында қалған бала-шаға аман болсын. Өзі айтып кеткендей бай-қуатты болсын еліміз», – деді ақын Ақберен Елгезек.
«Экрандағы сұлбасын халық сүйді, сол арқылы қанаттанды. Әрбір оның хабары ақиқатқа, шындыққа жетелейтінін көрді. Сондықтан да, мынау Нұртілеу ағамыздың бүгінгі қазасы тек қана отбасы мен бала-шағасына ғана емес, бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырып отыр. Жаны жаннатта, иманы жолдасы болсын!» – деді шәкірті Нұрділдә Ораз.
«Бастайтын топ ішінде сөзің дара,
Төріңе малдас құрсын төзім ғана.
Сен барда мына біз де «бай-қуатты»
Біз барда «бай-қуатты» өзің де, аға!».
Ақын Ғалым Жайлыбайдың осы жыр жолы іні болған, ағалық ақыл тыңдаған бар қауымның ізгі ниеті еді. Қазақ журналистикасы тағы бір тарланбозынан айрылғанымен, оның мол мұрасы, үлгі-өнегесі ұрпақ жадында жатталары сөзсіз.