Алдағы төрт жылда ауыл тұрмысын жақсартуға 1,3 трлн теңге бөлінеді

19.10.2021 20:38

Сондай-ақ 2025 жылы ауылдық жерлер 100 пайыз сумен қамтылмақ

Фото: vlast.kz

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық 1 миллион тұрғын табысын арттырады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Үкімет басшысының дерегінше, алдағы 4 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Жалпы, ұлттық жобалар бойынша ауылдарды жаңғыртуға 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр.   

«2025 жылы ауылдық жерлерді сумен жабдықтау қызметімен 100 пайыз қамтуға қол жеткізіледі. Кент ішіндегі 10 мың шақырым жол жақсартылады. 12 мың шақырым инженерлік желі, 1,1 мың денсаулық сақтау нысаны, 1,7 мың спорт, 1,5 мың мәдениет нысаны салынып, жөнделеді. 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады. «Еңбек өнімділігі 2,5 есе өседі, 500 мың жұмыс орны құрылады және 1 млн ауыл тұрғыны өз табысын арттыра алады», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Сондай-ақ, аталған жоба аясында 70 мың отбасылық шаруашылық құрылады. Ал ауыл балалары 100 пайыз балабақшамен қамтылады деп жоспарланған. Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бойынша 6,5 мың жоба іске асырылып жатыр.