Маскүнемдер мен нашақорлардың мекені: Елордалықтар құрылыс аяқталмаған нысанның өміріне қауіп төндіріп тұрғанын айтып дабыл қақты

08.02.2021 20:38

10 жыл уақыт өтсе де, құрылыс жарым-жартылай бой көтерген күйі тұр

Almaty.tv

«Сақалды» құрылыстың зардабын тартып отырмыз. Елордадағы «Қыпшақ» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 10 жылдан бері құрылысы аяқталмай қалған нысанның өміріне қауіп төндіріп тұрғанын айтып дабыл қағуда. Бір ғана мысал. Екі жарым мың халық тұратын кешенінің 1-қабатында орналасқан ғимараттың жартысы маскүнемдер мен нашақорлардың мекеніне айналған. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі айтады.

«Қыпшақ» тұрғын үй кешеніндегі құрылысы бітпеген мына нысанда сауда мен кеңсе орындары 2011 жылдан бастап сатылымға қойылған. Арада 10 жыл уақыт өтсе де, құрылыс жарым-жартылай бой көтерген күйі тұр. Ал, тұрғындар қаңыраған ғимараттың зардабын тартып отырмыз дейді.

«Ашық ана жер. Балалар ойнайды. Бала деген бала ғой, қанша айт-айтпа өздері ойынына кіріп кетеді. Ол жерде темірлер бар. Жаңағы іргетас. Соны байқап, біз ұрысамыз енді кірмеңдер деп», – деді қала тұрғыны Талғат Тәуекел.

«Менің баламның добы түсіп кетіп еді бір ойнап жүргенінде. Сосын баламның артынан ілесіп анда кірсем, ішінде жоқ нәрсе жоқ. Өткен адамдар мына жерде, енді көшеде тұрамыз ғой. Ішін дәретханаға айналдырған, өте лас. Сосын ең қорқыныштысы шприцтер жатыр», – деді қала тұрғыны Күміс Лұқпанова.

626 пәтері бар, бұл тұрғын үйдің мәселесі мұнымен шектелмейді. Осы нысанда ашылғанына көп болмаған тамақтанатын орын да қолайсыздық танытып отыр деп шағымданды.

«Бізде мына жерде кафе ашылған. Сол кафеде қай кезде көрсеңіздер қоқыс, жаман иіс, ана кәріз құбырынан иіс шығады. 8-подьезде тұрамыз өзіміз, сол 8-подьезде кәріз құбырынан жаман иіс шығып тұрады. Қоқыс шашылып жатады. Соны біз иесіне айтқанбыз, мынаны дұрыстаңыз деп, әкімдікті де шақырдық. Шынтуайтында, бұлар эксплуатацияға өткізілмеген», – деді қала тұрғыны Талғат Тәуекел.

Көпшілік бұл сауда орындарының салынғанына, жұмыс істеп жатқанына қарсы емес. Тек, Заң жүзінде өздеріне арнайы кәріз жүйесін жасап алу керек немесе тазалап отыруы қажет деп есептейді.

«Бұл тұрғын үйде орналасқан сауда орындарының тиісті құжаттары жоқ. Барлығы әлі құрылысы бітпеген ғимарат болып есептеледі. Бірақ ай сайын мына жұмыс істеп отырған сауда орындарын жалға беріп, ақша алып отыр. Оны қалай түсінеміз? Бұл заңсыз емес пе? Сәйкесінше заңды құжаты жоқ жерге денсаулық сақтау обьектілеріне қойылатын санитарлық- эпидемиологиялық талаптар да сақталмайды. Олар келіп тексермейді», – деді қызмет көрсету компаниясының қорғаушысы Марина Воронцова.

1-2 қабаттың тұрғындары терезесінен сауда орындарының қабырғасына қарауға мәжбүр. Ал, халықтың сөзінше, пәтер қолдануға берілген кезде қабырға болмаған, болады деп те ескертілмеген дейді.

Ал, қалалық әкімдік өкілдігінің сөзінше, үйді салуға жауапты компания тапсырылған жұмысты дұрыс атқармаған соң, үй басқа компанияға берілген. Осылайша құжаттарды өткізу ұзақ уақыт алған.

«Қыпшақ» тұрғын үй кешені бойынша, бүгінгі күнге мынадай мәселе болып жатыр. Коммерциялық бөлімшелердің иелері өздері тұрғын үй кооперативін құрып, құрамында болған құжаттар арқасында, яғни мемлекеттік сараптаманың негізінде айналымға енгізілетін болатын. Енді жақын уақытта коммерциялық бөлімшелердің иелері құжаттарды алады», – деді қалалық Қоршаған ортаны бақылау және сапа басқармасының бөлім жетекшісі Ерік Қанафин.

Осылайша әкімдіктегілер әзірше көп қабатты үйдің тұрғындарын шыдамдылық танытуға шақырды. Себебі барлық құжаттар жақында дайын болады деп уәде берді.

Қаламқас Нысанбай